МТРА жаңалықтары

Мәжіліс депутаты Юрий Ли теріскейліктердің базынасын тыңдады

 

Өңірге жұмыс сапарымен Парламент Мәжілісінің депутаты Юрий Ли келді. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясының жергілікті филиалында этномәдени бірлестіктердің жетекшілерімен кездесті. Дөңгелек үстел барысында алдымен халық қалаулысы сөз алып, соңғы жылдары елімізде қаржы пирамидалары мен интернет-алаяқтық көбейгенін мәлімдеді. Айлакерлердің кесірінен отандастарымыз сан соғып, бармақ тістеп жатыр. Осы мәселенің алдын алу үшін Мәжіліс арнайы заң жобасын әзірлепті. Ол қаржы ұйымдарын жарнамалайтын адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейді.

 Юрий Ли, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Республика бойынша 17-20 мың адам бір уақытта қаржы пирамидасының қатысушысына айналып, бар жиған-тергенінен айырылады. Осыны ескеріп былтыр арнайы заң жобасын әзірледік. Оны ағымдағы жылдың маусым айында сенаторлар мақұлдады. Құжатта заңсыз ұйымдарды жарнамалайтын адам қылмыстық жаукершілікке тартылып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылатыны жазылған.

Қаржы пирамидалары аққайыңдар өлкесінде де құрылған. Біздің өңірде де алаяқтардың құрығына талай теріскейлік түсіпті. Қазақстан халқы Ассамблеясы жергілікті филиалы төрағасының орынбасары Владимир Витченконың сөзінше, алданғандардың басым бөлігі – зейнет жасындағы адамдар.

Владимир Витченко, ҚХА СҚОФ төрағасының орынбасары:
– Юрий Ли мырза, сіздерде қаржы пирамидаларының тізімі бар екен. Соны бізге берсеңіздер!? Біз арнайы ұйымдармен бірлесе өзімізде зерттеу жасап, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізер едік. Бұл бастама өңірдегі заң бұзушылықтарды азайтады деп ойлаймын.

Жиын барысында жергілікті Ассамблея мүшелері онлайн несие рәсімдеуге тыйым салуды ұсынды. Сөз алғандардың пікірінше, бұл интернет алаяқтық фактілерінің азаюына әкеледі. Өз кезегінде Юрий Ли мұндай ұсыныс бұған дейін Мәжілісте бірнеше рет қаралғанын алға тартты. Алайда, әлі шешім қабылданбапты.

 Юрий Ли, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты
– Менің ойымша, біз дәл қазіргі уақытта онлайн несие рәсімдеуге емес, SIM карталарды онлайн сатып алуға тыйым салу қажетпіз. Яғни, әр азамат ұялы телефондағы картаны қолма-қол алуы қажет. ТМД елдерінде осындай жүйе қалыптасқан. Дүкенде адамның жеке құжаты сұратылады. Мұның нәтижесінде клиенттің жеке деректері тарап кетпейді.

Кездесуде “Urpaq” қазақ мәдени-ағарту орталығының төрайымы Гүлбақша Мұсабаева елімізде несиелік мөлшерлеменің тым жоғары екеніне шағымданды. “Адам ақшадан қысылғанда амалсыздан банкке барып, кредит алады. Кейін сол берешекті 2 есе қылып қайтарады”,- дейді азаматша.

Гүлбақша Мұсабаева, “Urpaq” қазақ мәдени-ағарту орталығының төрайымы:
–  Менің өз басымда кредитім бар. Несиелік мөлшерлеме 22 пайызды құрайды.

Гүлбақша Мұсабаева тағы бір мәселені көтерді. Ол депутатқа өмірге келген әр сәбидің атына жеке шот ашуды ұсынды.

 Гүлбақша Мұсабаева, “Urpaq” қазақ мәдени-ағарту орталығының төрайымы:
–  Азия мемлекеттерінде жаңа туған сәбилерге шот ашылады. Сатқан майдан шотқа қаржы аударылады.  Біз халық алдында сөз сөйлейміз. Бірақ, адамдар басын да көтермейді. Олар ешкімге сенбейді. Халықтың ойын Мәжіліске жеткізсеңіз деген бұйымтайым бар.

Жиында Гүлбақша Мұсабаева дүкендегі азық-түліктің, киім-кешек пен кеңсе тауарларының бағасы тым жоғары екенін де тілге тиек ете келе, халық “Жаңа Қазақстанды” сезіне алмай отырғанын жеткізді.

Юрий Ли азаматша көтерген әр мәселе өткір екенін айтты. Оларды жоғарыға жеткізуге уәде де берді.

Дана Ешкенова