МТРА жаңалықтары

Серіктестік тарапынан оқушыларға көмек көрсетілді

Шарапаты мол шара! Жергілікті «Радуга» серіктестігі «Мектепке жол» акциясы аясында жергілікті 8 отбасының 10 баласына білім алуға қажетті құрал-жабдықтар сатып әперді.

Иығына су жаңа сөмке асынған балалардың арасында Виктория Семенова да бар. Бүлдіршін сурет салуды жақсы көреді екен. Ол түрлі-түсті қарындаш пен бояуға қатты қуаныпты.

ОЛЬГА СЕМЕНОВА, қала тұрғыны:
– Менің 2 балам бар. Кіші қызым биыл 1-ші сыныпқа барады. Шынымды айтсам, мұндай көмекті күткен жоқпыз. Қуанышымда шек жоқ. Себебі, бұл – мен үшін үлкен қолдау. Қазіргі таңда тапқан ақшаны барлығына жеткізе алмайсың. Серіктестікке алғыс білдіремін!

«Радуга» серіктестігінің менеджері Азат Жұмағұлдың айтуынша, биыл тауар құны шынымен де өскен. Өткен жылы «Радуга» серіктестігі бір балаға 10 мың теңге қаржы бөлсе, биыл 15 мың теңге бағыттапты.

АЗАТ ЖҰМАҒҰЛ, «Радуга» ЖШС менеджері:
– Отбасында 4-5 бала болса оларды мектепке әзірлеу үшін біраз ақша керек. Біз жанұяларға хабарласып, не керек екенін сұрап аламыз. Ақшалай көмек бермейміз. Сертификаттар ұсынамыз немесе қажетті дүниені өзіміз сатып әпереміз.

Қоса кетейік, кәсіпорын аз қамтылған, көпбалалы отбасыларды жаңа оқу жылы қарсаңында ғана емес, мерекелерде де қуантып тұрады.


Самал Жунусова