Ерiктiлер

«Мектепке жол» қайырымдылық акциясы жалғасуда

 

Кеңсе тауарлары, сөмке және оқушы формасы. Өңірде «Мектепке жол» акциясы жалғасуда. Бүгін игі бастамаға облыстық Ардагерлер кеңесі мен “Күміс еріктілері” қоғамдық бірлестігінің өкілдері қосылды. Олар балалары №32 орта мектепте білім алатын бірнеше отбасыға қажетті дүниелерді сыйлады.

ЕСКЕНДІР ЕЛЕУСІЗОВ, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы;
– 10 шақты отбасыға өзіміздің көмегімізді көрсетіп жатырмыз. Яғни, балаларға мектепке керек заттарды табыстамақшымыз.

Сонымен қатар, балаларға тәттілер берілді. Ал қалалық білім бөлімінің атынан аттракционға билеттер табыс етілді. Ұл-қыздар қуанышты.

Бүгін көмек көрсетілген отбасылардың бірі – Толкачевтар жанұясы. 72 жастағы Роза Толкачева немересін жалғыз бағып отыр. Биыл Владимир есімді жеткіншек 5-ші сыныпқа барады.

Бұл оқушылар мектепке дайын десек болады. Балалар да, ата-аналар да дән риза.

РОЗА ТОЛКАЧЕВА,
– Облыстық Ардагерлер кеңесі мен “Күміс еріктілері” қоғамдық бірлестігіне алғыс білдіремін. Олар көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға көмек беруде. Мұндай қолдауды бірінші рет алып тұрмыз. Мектепке өзіміз дайындалсақ, қалтамыздан біраз қаржы шығар еді. Менің зейнетақым бәріне бірдей жетпейді.

Жаны жомарт жандар алдағы уақытта тағы бірнеше отбасыға көмек көрсетуді жоспарлап отыр.