МТРА жаңалықтары

3 күнде масаң күйде көлік басқарған 13 жүргізуші ұсталды

Өңірде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған рейд қорытындыланды. 3 күндік іс-шара барысында 1300-ден астам бұзушылық анықталған. Хаттама толтырылған тұлғалардың арасында мас жүргізушілер де болыпты.

Интершум:

– Спиртное употребляли? – Да, вчера. – Ну, пиво. Оно не покажет же. – Не покажет? Ну, сейчас съездим на медосвидетельствование. – Ну, конечно, съездим.

Мына «Nissan Primera» маркалы машинаны басқарған азаматты полицейлер облыс орталығындағы Крепостной көшесі бойында тоқтатқан. Қала тұрғыны қозғалыс кезінде бордюрді соғып, жол-көлік оқиғасын туғызған екен. Медициналық куәландырудың нәтижесінде 36 жастағы ер адамның орта дәрежеде мас екені анықталды. Темір тұлпар арнайы тұраққа қойылды. Ал жүргізушіге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы негізінде материал жиналды. Ол 15 тәулікке қамалады және 7 жылға автомобиль басқару құқығынан айырылады.

Әсемгүл Әлібаева, СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы:
– Жол қозғалысы ережесін өрескел бұзғандарды анықтау, апаттылықты төмендету мақсатында облыс аумағында ағымдағы жылғы тамыздың 19-21 аралығында республикалық рейдтік іс-шаралар өткізілді. Соның нәтижесі бойынша жол қозғалысы ережесін бұзған 1331 тұлға анықталды. Оның 13-і көлікті масаң күйде басқарғаны белгілі болды. Іс-шара барысында жол-көлік оқиғалары мен зардап шегу фактісі тіркелген жоқ.

Ағымдағы аптаның дүйсенбісінде өңірде тағы бір республикалық жедел-профилактикалық іс-шара бастау алды. «Абайлаңыз, балалар!» атты акция кәмелетке толмағандардың қатысуымен болуы мүмкін жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған.


Самал Жунусова