МТРА жаңалықтары

Жайылымдық жер тапшылығы мәселесі шешілуде

Мал бағатын жайылымдық жер жоқ! Бұл мәселе қазір күллі Солтүстік Қазақстан облысында өткір тұр. Мамлют ауданының атқамінерлері әртүрлі әдіс арқылы проблеманың шешуге кіріскен. Нәтиже бар. Бүгінгі күнге дейін бірнеше округтың құрамындағы ауыл тұрғындарына бос жатқан 3800 га алқап ұсынылыпты.

РАУШАН СӘЙПЕНОВА, Мамлют аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы:
– Сонымен қатар, біз агроқұрылымдармен де жұмыс жүргізіп жатырмыз. Кейбір серіктестіктердің құрамында ауылдарға өте жақын орналасқан мал жайылмайтын жер телімдері бар. Басшыларымен келісім жасалып, нақтырақ айтсақ, бұған дейін жасалған шартты қос тарап мерзімінен бұрын бұзып, сол аумақтар халыққа ұсынылды. Мысалы, өткен жылы Белое ауылдық округіне 1000 және 900 гектар жайылым қосылды. Осылайша, мұндағы тұрғындар жайылымдық жермен 100% қамтамасыз етілді. Қазір Дубровин ауылдық округіндегі мәселені шешу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Аталған ауылдық округтегі мәселені шешу үшін 4 мың гектар жер керек екен. Ал маңызды істі тындыру үшін уақыт қажет. Аумақтарды зерттеу, келіссөздер, құжат рәсімдеу. Мұның бәрі бірнеше айға созылуы мүмкін. Мәселен, Белое ауылдық округіндегі шаруаны біржақты ету үшін жауапты мамандар 1 жылдан астам тер төгіпті.

 РАУШАН СӘЙПЕНОВА, Мамлют аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы:
–  Сондай-ақ, ауданымызда 238 гектар аумақ агроқұрылымдардың иелігінен шығарылды. Бұл жұмыс мемлекеттік меншік туралы заңға сәйкес жүргізілді. Енді сол жер елді мекендерге беріледі. Мәселен, 49 гектар – Краснознаменское, ал 189 гектар Леденёво ауылдарына тиесілі төңірекке қосылады.

Жерді агроқұрылымның иелігінен шығару – жайылым тапшылығы мәселесін шешу барысында қолданылатын кезекті әдістің түрі. Ол да біраз уақытты қажет етеді. Ең алдымен жеке немесе заңды тұлғаға хабарлама жіберіледі, кейін келіссөз жүргізіліп, шарт жасалады. Қос тарап қол қойған құжатта жер ұсынған шаруаның басқа учаскені таңдағаны немесе өтемақы алғаны көрсетіледі.

РАУШАН СӘЙПЕНОВА, Мамлют аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы:
–  Мұндай жағдай «Крафт» серіктестігімен орын алды. Агроқұрылымға тиесілі жер иеліктен шығарылып, Леденёво ауылына берілді. Ал шаруаға өтемақы төленді.

Ал екінші шаруа өтемақы емес, басқа төңіректен жер сұрапты. Сала мамандары халықты жайылыммен қамту үшін аумақтарды сот арқылы қайтару әдісін де қолданады. Қазір Мамлют ауданында мұндай 6 іс қаралып жатыр екен. Алдағы уақытта мәселенің нүктесін сот қояды.


Байболат Култанов