МТРА жаңалықтары

Техниканы жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы іске қосылды

Комбайн, трактор және себу кешені. Агросектор өкілдеріне жағымды жаңалық. Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы іске қосылды. Тың жобаны жүзеге асыру үшін «Жасыл даму» акционерлік қоғамы 40 млрд теңге бөлген. Бүгінгі күнге дейін 2 жерлесіміз бағдарламаның шарапатын көріп үлгерді. Соның бірі – «Тихоокеанское 2015» серіктестігінің өкілі Сергей Башмаков.

СЕРГЕЙ БАШМАКОВ, «Тихоокеанская 2015» серіктестігінің өкілі, Тайынша ауданы:
–  «Тихоокеанское 2015» серіктестігі дәнді және майлы дақылдарды өсірумен айналысады. «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамымен бұрыннан әріптеспіз. Жаңа бағдарлама іске қосылғанын естіп, бірден өтініш жаздық. Содан бар-жоғы 5 күн өтті. Міне, бүгін комбайнымызды алып кетуге келдік. Жобаның шарттары көңілге қонымды.

Бағдарлама арқылы «Сова» фермерлік қожалығы да техникаға қол жеткізді. “Жаңа комбайн аса қажет”,- дейді Василий Сошников.

ВАСИЛИЙ СОШНИКОВ, «Сова» ФҚ басшысы, Мамлют ауданы:
– Тамыздың 5-і күні бағдарлама туралы естідік. Бірден қалаға келіп, өтініш жаздық. «ҚазАгроҚаржы» ұйымның жергілікті мамандарына алғысымды білдіремін. Жобаның қыр-сырын түсіндіріп берді.

Графика:
Бағдарламаның шарттары:
лизинг мерзімі -10 жылға дейін;
сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 6%-бен;
лизинг бойынша бастапқы жарна – 0%;
негізгі қарызды қайтару бойынша жеңілдікті кезең – 1 жыл.

ДАМИР МАЛДЫБАЕВ, ҚазАгроҚаржы» АҚ СҚО бойынша филиалы директорының орынбасары:
– Бұл бағдарлама шағын және орта бизнес субъектілеріне арналған. Сондықтан бірқатар шектеулер бар. Клиенттеріміз 205 млн теңге дейінгі 1 техниканы немесе 3 техниканы рәсімдей алады. Біздің филиалға тамыздың 8-і күні алғашқы өтінімдер түсті. Қарап, қорытынды шығарылды. Жоба бөлінген қаражат таусылғанша жалғаспақ.

Айта кетейік, өткен аптада «ҚазАгроҚаржы» ұйымының жергілікті филиалына 35 өтінім түсіпті. Оларды мамандар 5 жұмыс күні ішінде қарамақ.


Самал Жунусова