Спорт

Петропавлда қайырымдылық марафоны өтті

Жақсылық жасауға жаны құмар жандар жүгіру алаңына жиылды! Сенбі күні Петропавлдың Борки кентінде “Жаңа білім жолы” атты қайырымдылық марафоны өтті. Көпбалалы, аз қамтылған отбасылар мен ата-анасының қарауынсыз қалған ұл-қыздарды қолдауға бағытталған іс-шараға 300-ден астам солтүстікқазақстандық қатысты.

Қайырымдылық марафонында қатысушылар 1 шақырымды еңсерулері тиіс. Еңсерер алдында әрбірі тіркеуден өтіп, жәшікке 500 теңгеден жоғары жарна салады. Бұл ақша көмекке бағытталады. 2-3 минуттан кейін мәреге жақындағандардың қарасы да көрінді. Алғашқылардың қатарында Ерназар Абай есімді жеткіншек те бар. Желдей жүйрік әрі жомарт жерлесіміз қазақ күресімен айналысады екен.

ЕРНАЗАР АБАЙ, “Жаңа білім жолы” қайырымдылық марафонының қатысушысы
– Қазақ күресімен айналысып жүргеніме 3 жыл болды. Бапкерім – Қопабаев Болашақ Шалқарұлы. Бүгінгі марафон өте қатты ұнады. Бұл шараға өзімнің достарыммен келіп отырмын. Марафонда 4-ші болып мәре сызығын кестім.

Игі іс-шараға спортшыларды қолдау үшін Олимпиада ойындарының қатысушысы Ирина Эктова арнайы келіпті. Бетке ұстар спортшы қалың бұқарамен бірге жүгірді.

ИРИНА ЭКТОВА, облыстық мәслихат депутаты
– Біз марафонның арқасында шынығып қана қоймай, көмекке мұқтаж ұл-қыздарға қолдау көрсетеміз. Мұндай шара қаламызда бірінші рет өткізіліп отыр. Дәстүрге айналады деп сенемін.

Марафоннан Ұлттық банктің өкілдері де қалыс қалмады.

ДИАС МЭЛС, “ҚР Ұлттық банкі” СҚОФ директоры
– Банк саласының қызметкерлері әрқашан осындай іс-шараларға қатысады. Спортпен айналысамыз. Футбол, жеңіл атлетикадан өтетін барлық жарыстарға қатысуға тырысамыз. 1-18 Бұл – игі іс. Мұндай шаралардан қалмауға тырысу керек.

Соңғы қатысушы мәре сызығын кескеннен кейін “Жаңа білім жолы” қайырымдылық марафонының қорытындысы шығарылды. Жомарт солтүстікқазақстандықтар 313 мың теңге қаражат жинады. Шараны ұйымдастырған Ісер әйелдер қауымдастығы енді бұл ақшаға оқуға қажетті құрал-жабдықтар сатып алмақ.

ВИЛЬДАНА ҚОЖАХМЕТОВА, СҚО бойынша Іскер әйелдер қауымдастығы басшысының орынбасары
–  Іс-шарамыз жақсы өтті. Мемлекеттік органдар көп көмек көрсетті. Бақылау комиссиямыз да жақсы жұмыс атқарды. Қызылжар қаласының жанашыр жандарына алғысымызды білдіреміз!

Игі іс-шараға қатысқан қатысушылар назарсыз қалмады. Жақсылық жасауға жаны құмар жандарға алғыс хаттары табыс етілді.


Алдияр Айтпаев