МТРА жаңалықтары

Жылыту маусымына дайындық

2021 жылы Мамлют ауданындағы Леденев орта мектебінде көп күттірген күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нысанның ескірген төбесі ауыстырылды, қасбеті мен жылыту жүйесі жаңартылды, іші әрленді және заманауи пластик терезелер қойылды. Мұның бәріне 133 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалды.

 ГРИГОРИЙ ГОЛОВИН, Леденев орта мектебінің директоры, Мамлют ауданы:
–  Бұрын мектепте әбден ескірген ағаш терезелер тұрды. Соңғы жылдары олардың кейбірінің әйнектері жарыла бастады. Біз қолымыздан келгенше жабыстырып, күтіп ұстауға тырыстық. Ал жөндеу жұмысынан кейін бәрі өзгерді. Пластик терезелерге жоғары баға береміз. Жылыту жүйесінің де ауыстырылғаны сезіледі. Қазір нысан ішінде бәрімізге қолайлы температура тұрады.

Ішкі әрлеу жұмысына да тоқталайық. Қазір дәліз бен сыныптар бұрынғыдай емес, жап-жарық. Жайлы әрі жылы жерде оқушылар алаңсыз білім ала алады. Жалпы, былтыр оң өзгеріс орын алған мектеп осыдан 40 жыл бұрын қолданысқа беріліпті. Осы уақыт ішінде ғимаратта күрделі жөндеу жұмысы алғаш рет жүргізілген екен. Алдағы қыркүйекте мұндағы парталарға 113 бала жайғаспақ.

Ал, бұл – №2 Мамлют орта мектебі. Білім ошағы осыдан 7 жыл бұрын қолданысқа тапсырылған. Мұнда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұрады.

 ДМИТРИЙ ПРЕЛГАУСКАС, №2 Мамлют орта мектебінің директоры, Мамлют ауданы:
–  Мектепте ақтау, сырлау жұмыстарын жүргізіп тұрамыз. Жылыту маусымына келетін болсақ, алдағы қыста қиындықтарға тап болмау үшін жақында бірқатар дүниені алмастырдық. Бүгінде қазандықтарымыз қауырт кезеңге сақадай сай. “КВУ-5” маркалы 3 қазандығымыз бар. Сорғыларымыз да дайын. Отынды толық көлемде әкеліп алдық. Қазір көмір жеткізіліп жатыр. Оқу жылына, оның ішінде қауырт кезеңге әзірміз деп айта аламын.

№2 Мамлют орта мектебінде алдағы жылыту кезеңіне дайындық маусым айында басталып, тамыздың алғашқы аптасында аяқталыпты. Оқу ошағы директорының сөзінше, қыстың күшті аяздарының өзінде нысан ішіндегі температура +25 градус болып тұрады. Мұнда 240 бала білім алады. Олардың 16-сы биыл бірінші сыныпқа бармақ. Тағы, бұл нысанда 34 орындық шағын орталық жұмыс істейді.


Байболат Култанов