МТРА жаңалықтары

Энергетиктер баспасөз турын өткізді

“Петропавл жылу желілері” мен “Севказэнергосбыт” серіктестіктері БАҚ өкілдері үшін баспасөз турын өткізді.

Баспасөз туры Кошуков көшесінен басталды. Мұнда “Петропавл Жылу Желілері” серіктестігінің мамандары маусым айынан бері ұзындығы 1510 қума метрді құрайтын құбырды жаңартуда. Бұл мақсатқа инвестициялық бағдарлама аясында 1 млрд теңгеден астам қаражат бағытталады. Қомақты қаржы 3 жылдың көлемінде игеріледі.

 АНДРЕЙ КАЛИНИЧЕВ, “Петропавл жылу желілері” ЖШС бас директоры;
– Ағымдағы жылы инвестиция көлемі 256,1 млн теңгені құрайды. Бұл ақшаға 363 қума метр жылу магистралі жаңартылады. Биылға жоспарланған шаруа тамыздың 31-іне дейін жалғасады. Сәтпаев пен Кошуков көшелерінің қилысындағы желі 30 жылдан бері ауыстырылмаған. Бұл құбыр арқылы вокзал маңындағы үйлерге жылу мен ыстық су беріледі.

Соңғы жылдары бұл жерде апат жиілепті. Құбырлардың жарылуы салдарынан қақаған қыста тұрғындар бірнеше күн жылусыз, сусыз отырған екен.

АНДРЕЙ КАЛИНИЧЕВ, “Петропавл жылу желілері” ЖШС бас директоры;
– Бүгінге дейін біраз дүниені жөндедік. Дренажды құдық та орнаттық. Құбырлардың диаметрі 500 миллиметрді құрайды. Қазіргі уақытта жылу камераларына арматура бекітіліп жатыр. Бұл шаруа аяқталғасын жабын плиталары қойылады. Осы күні биылға жоспарланған жалпы жұмыстың шамамен 85% аяқталды.

3 жылға жоспарланған жұмыстың биыл 24% атқарылмақ. Келесі жылы Сәтпаев пен Медведев көшелерінің қиылысындағы жылу магистралі
жаңғыртудан өтеді. Ауқымда шаруаға 442 млн теңге қарастырылған.

БАҚ өкілдері “Севказэнергосбыт” серіктестігінде де болды. Бүгінгі күні кәсіпорын 164 мың 422 тұтынушыға қызмет көрсетеді. Компания бірыңғай төлем құжатын әзірлеген. Оған 29 коммуналдық ұйым қосылыпты. Олардың қатарында “Қызылжар су”, “Қазақтелеком” мен “Горгаз-сервис” те бар. Баспасөз туры барысында тілшілер байланыс орталығының жұмысымен де танысты.

 АНАСТАСИЯ МОРОЗОВА, “Севказэнергосбыт” ЖШС байланыс орталығының басшысы:
– Бұл – байланыс орталығының кабинеті. Көбіне мұнда тұрғындар көрсеткіштерді хабарлау, берешекті білу, кеңес және туындаған сұрақтарына жауап алу мақсатында жүгінеді.

Бірінші жартыжылдықта байланыс орталығына солтүстікқазақстандықтардан 150 мыңға жуық қоңырау түсіпті.


Дана Ешкенова