МТРА жаңалықтары

Спорт шебері – Дмитрий Гарагуль

Бұл видеоны Т.Позолотин атындағы №1 Явленка орта мектебінің мұғалімі Дмитрий Гарагуль «Еңбек жолы» республикалық байқауына арнап түсірген. Жерлесіміз бала күнінен спортқа құштар екен. Ол Қозыбаев университетін “Дене шынықтыру пәні” мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдапты. Қолына диплом алған соң, өзі кезінде түлеп ұшқан білім ұясына жұмысқа тұрған.

ДМИТРИЙ ГАРАГУЛЬ, Т.Позолотин атындағы №1 Явленка орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі, Есіл ауданы:
–  Биыл осы мектепте жұмыс істеп жүргеніме 4 жыл болмақ. Осы уақыт ішінде оқушыларым жоғары жетістіктерге жетті. Өзім сабақтан тыс уақытта балаларға футболдан жаттығу өткіземін. Биылғы аудандық жарыста шәкірттерім 1-ші орын алды.

Шәкірттері жас ұстаздың әр сабағы, әр жаттығуы қызықты өтеді дейді.

КСЕНИЯ КУТЕЙНИКОВА, Т.Позолотин атындағы №1 Явленка орта мектебінің оқушысы:
–  Дмитрий Владимировичтің сабақтары ешқашан қайталанбайды. Қызықты өтеді. Жарыстарда бізге қолдау көрсетіп отырады. Соның арқасында біраз жетістікке жеттік.

ЕГОР ЧИКУНОВ, Т.Позолотин атындағы №1 Явленка орта мектебінің оқушысы
– Дмитрий Владимирович – жақсы бапкер. Ол футбол командамызды аяққа тұрғызды.

Ал, Дмитрий Гарагулдің өзі керлингпен айналысады. 2015 жылы Алматыда өткен ел чемпионатына қатысып, 2-ші орынға ие болыпты. Кейін, ҚР құрамасы сапында әлемдік деңгейдегі жарыстарға да қатысқан екен.

ДМИТРИЙ ГАРАГУЛЬ, Т.Позолотин атындағы №1 Явленка орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі, Есіл ауданы:
– Ағымдағы жылдың қазан айында Швейцарияда өтетін Әлем кубогына қатысамын. Қараша айында Канадаға да барамын. Онда Әлем чемпионаты болмақ. Жаз бойы Алматыда швейцариялық бапкерлермен жаттығу өткіздік. Алтыннан алқа тағынуға тырысамын.

Юрий Тюрин – Дмитрийдің ұстазы. Қазір қос жерлесіміз әріптес. Олар бір-біріне ақыл-кеңес беріп, балаларды жарыстарға дайындайды.

ЮРИЙ ТЮРИН, Т.Позолотин атындағы №1 Явленка орта мектебінің дене шынықтыру мұғалімі:
– Мен мектепке жұмысқа орналасқанда Дмитрий 3-ші сыныпта оқыды. Өте белсенді оқушы болды. Жеңіл атлетикамен айналысты. Түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындар әкеліп жүрді. Өте білікті маман. Оның шәкірттері биік белестерді бағындырарына сенімдімін.

Зәмира Рахиева, Т.Позолотин атындағы №1 Явленка орта мектебінің директоры, Есіл ауданы:
– Гарагуль Дмитрий Владимирович – белсенді азамат және спорттың жанашыры.2,10 Осы біздің мектептің түлегі болғандықтан, біз оны мақтан тұтамыз. Ол оқушы кезінде көптеген сайыстарға қатысып, біраз жетістіктерге жеткен.

Т.Позолотин атындағы №1 Явленка орта мектебінде 600-ге жуық оқушы оқиды.


Самал Жунусова