МТРА жаңалықтары

Шекараны заңсыз кесіп өткен ресейлік азаматшаға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Сәтсіз сапар! Солтүстік Қазақстан облысындағы жақындарына қонаққа келген ресейлік азаматша қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. 61 жастағы нәзікжанды Наталия Дмитриева ел шекарасын заңсыз кесіп өтіпті.

НАТАЛИЯ ДМИТРИЕВА, Благовещенск қаласының тұрғыны, РФ:
– Ресейден Петропавлға пойызбен келдім. Вокзалда мені жиенім қарсы алды. Сосын біз Пресновкаға аттандық. Жолда жиеніме СҚО бойынша Шекара қызметі департаментіне қарасты анықтау және әкімшілік өндіріс бөлімшесінің бастығы хабаласып, менің заңсыз шекарадан өткенімді айтты. Осыдан кейін олар мені түн ішінде Пресновкадан Петропавлға алып кетті.

Бұл оқиға тамыздың 9-ы күні орын алыпты. Зейнеткердің сөзінше, шенділер оның ұялы телефонын толық тексерген. Тіпті, “Ресейден қашып кетті” деген айыппен қылмыстық іс те қозғаған. Енді азаматша сотқа дейін Петропавлда болуы тиіс.

НАТАЛИЯ ДМИТРИЕВА, Благовещенск қаласының тұрғыны, РФ:
–  Мен Ресейден қашқан жоқпын. СҚО-ға тек қонаққа келдім. Үйге қайтатын билетті осында келмей тұрып алып қойғам. Еліме кеше қайту керек едім. Өкінішке қарай, әлі осындамын.

Азаматша елден біраз уақытқа дейін шықпайды. Әділдікке қол жеткізу үшін ол адвокат та жалдапты.

АЗАМАТ ҚАРАПОВ, адвокат:
– Жеке сот орындаушысы Наталия Дмитриеваға Ресей Федерациясының аумағынан шығуға тыйым салыпты. Бірақ, ол бұл тыйым жайлы менің клиентіме хабарламаған. Сосын, көрші елдің шекарашылары қателескен. Олар жолаушының кім екенін дер кезінде анықтап, оған жағдайды түсіндірсе, Наталия Дмитриева Қазақстанға келмес еді.

Тыйым не үшін салынған? Наталия Дмитриеваның несиесі бар екен. “1-2 ай кешіктіргенім болмаса, берешекті уақытында аударып тұрдым”,- дейді нәзікжанды. Алайда, сол кешіктіргені үшін сот орындаушысы шара қолданыпты.

АЗАМАТ ҚАРАПОВ, адвокат:
–  Бізге СҚО бойынша Шекара қызметі департаментіне қарасты анықтау және әкімшілік өндіріс бөлімшесінің бастығы тергеу 8-12 айға созылуы мүмкін екенін айтты. Зейнеткер 2 млн теңге көлемінде айыппұл төлеуі немесе 1 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

СҚО бойынша Шекара қызметі департаментінің өкілі бізге ауызша сұхбат берді. Ол Наталия Дмитриеваның ісіне қатысты толық зерттеу жүргізілетінін айтты. Соған сәйкес шешім шығарылмақ. Бірақ, бұл қанша уақытқа созылатыны белгісіз.


Дана Ешкенова