МТРА жаңалықтары

Петропавл халықаралық әуежайында бағыттар саны артпақ

Петропавл халықаралық әуежайының жаңа басшысы алдағы жоспарымен бөлісті. Бұған дейін бірнеше рет байқау жарияланып, сатылымға шығарылған мекемеге енді “Қызылжар халықаралық әуежайы” серіктестігі иелік етеді. Қазіргі таңда аталған компания аэропортты жаңғырту бағытында жұмыс жүргізуде.

УӘЛИХАН ЖЫЛЫСПАЕВ, “Қызылжар халықаралық әуежайы” ЖШС директоры
– Бұл әуежай бізге артынша сатып алумен 5 жылға сенімгерлік басқаруға берілді. Біздің басты міндетіміз – қауіпсіздікті қамтамасыз ету, нысанға тиісті күтім жасау. Аэропортты иелігімізге өткізу үшін 2 млрд 820 млн теңге бағыттадық. Енді жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін 1,2 млрд қажет. Жуық арада жанар-жағармай материалдары кешенін жаңғыртуды жоспарлап отырмыз. Атқаратын шаруа шаш етектен.

Қазіргі таңда әуежай штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Әзірге әуе көліктері Петропавл-Нұр-Сұлтан және Петропавл-Алматы қалалары арасында жолаушы тасымалдайды. Алдағы уақытта бағыттар саны артпақ. Ұшақтар Түркістан мен Шымкент және Ресейдің бірнеше шаһарына ұшатын болады.

УӘЛИХАН ЖЫЛЫСПАЕВ, “Қызылжар халықаралық әуежайы” ЖШС директоры
– Түмен мен Санкт-Петербург қалаларына ұшу бойынша келісім жасалып қойылды. Бірақ, санкцияларға байланысты шетелдік әуе көліктері біздің жаққа шыға алмады. Болашақта бұл мәселе шешімін табады деп ойлаймын.

Қазіргі уақытта әуежайда 98 адам жұмыс істейді. Оларға төленетін орташа жалақы 90 мыңды құрайды. Серіктестік басшылығы алдағы уақытта мамандардың табысын арттыруды жоспарлап отыр.


Алдияр Айтпаев