МТРА жаңалықтары

Облыстың сыртқы сауда айналымы 662 млн АҚШ долларын құрады

Ағымдағы жылдың 1-ші жартыжылдығында облыстың сыртқы сауда айналымы 662 млн АҚШ долларын құрады. Оның 76 пайызы экспортқа тиесілі болса, қалғаны импорттың үлесінде.

Бауыржан Шайкенов, СҚО бойынша МКД басшысының орынбасары
– Экспорт құрылымында негізгі көлем 481 млн АҚШ доллары өсімдік тектес ауыл шаруашылығы өнімдеріне келеді. Ол: бидай, арпа, жасымық, бұршақ, ұн, зығыр, рапс және күнбағыс тұқымдары, өсімдік майы, кебек, торт. Өз кезегінде импорттың негізгі үлесіне өндіріс құрал-жабдықтары, көлік құралдары, ауыл шаруашылығы машиналары мен оларға арналған қосалқы бөлшектер, тыңайтқыштар мен гербицидтер, тірі өсімдіктер, сондай-ақ, тамақ өнімдерін өндіруге арналған шикізаттар жатады.

Өткен жылдың алғашқы жарты жылымен салыстырғанда облыстың сыртқы сауда айналымы 49%-ға, оның ішінде экспорт – 51, ал импорт 18%-ға артыпты. Бауыржан Шайкенов саудаланған өнім көлемінің ұлғаюына ұн мен май өнімдері айтарлықтай әсер еткенін алға тартады.

Бауыржан Шайкенов, СҚО бойынша МКД басшысының орынбасары
– Импорттың өсуі арнайы экономикалық аймақ аумағынан шығатын тауарларды кедендік ресімдеудің басталуымен байланысты. АЭА аумағынан тауарларды әкелу және шығару үшін еркін кеден аймағының кедендік рәсімі қолданылады, мұнда ЕЭА қатысушыларының кәсіпкерлік және өзге де қызметті жүзеге асыру мақсатында орналастыруға және пайдалануға арналған тауарлар қызмет мақсатына сәйкес, АЭА аумағында орналастырылады.

Ағымдағы жылы СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде осы тәртіп бойынша кедендік ресімдеуді арнайы экономикалық аймақтың 2 қатысушысы жүзеге асырады. Олар: «Петропавл электр техникалық зауыты» мен «СТ Ассамблея» серіктестігі. Соңғы аталған кәсіпорында комбайндар, астық жинау машиналары, тракторлар және тұқым себу кешендері шығарылады.


Дана Ешкенова