МТРА жаңалықтары

Ауылды дамытқан агроқұрылым

Мамлют ауданындағы «Андреевка СК» серіктестігі 5 мың гектар егістік алқапқа иелік етеді. Агроқұрылым 2000-шы жылдан бері бидай, зығыр, арпа мен жемдік дақылдар өсіреді. Бір апта бұрын мына 100 гектар танаптағы бидай жығылыпты. Бүгін әбден жетілген өнімді комбайн тізгіндеген мамандар жинап жатыр. 200 тонна астық қамбаға құйылды. Ала жаздай өсірілген бұл ырыздық арнайы орында сақталмақ. Алтын дән алдағы көктемде тұқым ретінде пайдаға жаратылады.

АРАЛБИ ШЫТҚАНОВ, «Андреевка СК» ЖШС бас агрономы, Мамлют ауданы:
– Тұқымдық мақсатта өсірілген алғашқы алқаптағы өнімді жинап алдық. Енді 300 гектар жердегі арпаны қамбаға құямыз. Оның 100 гектарындағы алтын дән элиталы тұқым болып саналады. Сосын комбайндарымыз 200 гектарды құрайтын бидай танабына түседі. Маңызды шаруаны уақытында аяқтаймыз деп ойлаймын. Механизаторлардың көңіл-күйі жақсы. Барлығы істі көпке созбай тәмамдауға ниетті.

Серіктестік жұмысшылары жығылған бидай мен арпаны осы аптаның соңына қарай жинауға кіріспек. Агроқұрылымдағы білікті механизаторлардың бірі – Сергей Ренев. Ол мұнда 2009 жылдан бері жұмыс істейді.

 СЕРГЕЙ РЕНЕВ, «Андреевка СК» ЖШС механизаторы, Мамлют ауданы:
– Серіктестіктің техника паркі 2 рет жаңартылды. Бұл – біздің жаңа комбайндарымыз. Барлығының дизайны бірдей. Алқаптарда өздерін жақсы қырынан көрсетті. Ыстықтарда салон салқын болып тұрады. Аса шаршамайсын. Біздің жанұядағы ер адамдардың барлығы механизатор. Бір кездері атам мен әкем техника тізгіндеген. Сол сара жолды ағам екеуміз жалғастырдық.

Юрий Леднев те механизаторлар әулетінің өкілі. Ол өмірінің 30 жылын ауыл шаруашылығы саласына арнапты. Осы уақыт ішінде әртүрлі техниканы тізгіндеген екен. “Бұрынғы мен бүгінгіні салыстыра алмаймын”, – дейді білікті маман

ЮРИЙ ЛЕДНЕВ, «Андреевка СК» ЖШС механизаторы, Мамлют ауданы:
– «Беларусь», «MadDone», «Бюлер» тракторларын басқардым. Жас кезімде «ДТ» да жүргіздім. Бұрын 100 гектар алқаптағы астықты 1-2 күнде жығатынбыз. Қазіргі техникамен істі өзім жалғыз 1 күнде тәмамдаймын. Жалақыға көңілім толады. Басшылық сыйақы да беріп тұрады.

Өткен жылы механизаторлардың жалақысы 30 пайызға өсіпті. Мамандарға сыйақы жылдың соңында беріледі. Бірақ, қосымша ақша тек адал еңбек еткен, тәртіп бұзбаған қызметкерлердің шотына ғана аударылады.

СЕРӘЛІ ШӘРІПОВ, «Андреевка СК» ЖШС директоры, Мамлют ауданы:
– Сонымен қатар, биыл алғаш рет мамыр айында барлық жұмысшының үйіне отын жеткізіп бердік. Шөп те әкелінді. Үстіміздегі жылы әр маманға 15 бума пішеннен берілді. Ал шабындық жұмыстарына қатысқан адамдарға қосымша 10 бумадан үлестірілді. Әрқайсысының құны 4 мың теңге тұрады. Оған қоса қызметкерлерді жемдік дақылдармен қамтамасыз етеміз. Ауылды гүлдендіруге де көп көңіл бөлеміз. Қазір елді мекеннің кіреберіс тұсы жарықтандырылуда. Селодағы мәденит үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобалық-сметалық құжаттаманы ресімдеу үшін біздің серіктестік 6 млн теңге бөлді.

Андреев мәдениет үйіндегі күрделі жөндеу жұмысы 15-ші маусым күні бастау алған. Іске қызылордалық «Иман» компаниясы жауапты. Мамандар кесте бойынша еңбек етуде. Осы қарқындарынан таймаса, нысандағы шаруа күздің ортасында мәресіне жетеді.

ҚАЙЫРГЕЛДІ МҰҚАНОВ, Андреев мәдениет үйінің меңгерушісі, Мамлют ауданы:
– Біз күнде қарап отырамыз. Жұмыс жақсы жүріп жатыр. Шаруа қарашаның 15-іне дейін аяқталуы тиіс.

Ауылдық округ тұрғындары бұл күрделі жөндеуді көп күтті. Олар әр есептік кездесуде Андреев мәдениет үйін қалыпқа келтіруді сұраған екен.

БЕРІК ЖҰҚЫШЕВ, Андреев ауылдық округінің әкімі, Мамлют ауданы:
–  Кісілерге ұнап жатыр. Тренажерлік зал ашамыз. Ол жерге жастар да, үлкендер де баратын болады. Мәдениет үйінде түрлі мерекелерді өткізетін боламыз.

Андреев мәдениет үйі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жөнделіп жатыр. Іске 240 миллион теңге бағытталыпты. Шаруа аяқталғасын елді мекен тұрғындары үшін салтанатты ашылу рәсімі өтпек. Жалпы, бүгінгі таңда Мамлют ауданына қарасты Андреев ауылдық округінде 847 адам тұрады.


Байболат Култанов