МТРА жаңалықтары

Алаяққа алданған дихан 15 млн теңгесінен айрылды

Өңірде алаяқтық фактілері тыйылмай тұр. Жуырда солтүстікқазақстандық дихан айлакердің құрығына оңбай түсті. Кәсіпкерге белгісіз біреу хабарласып, өзін банк қызметкерімін деп таныстырған. Әңгіме барысында әлгі қу “Сіздің атыңыздан ірі көлемде несие рәсімделіп жатыр, опық жеп қалмау үшін жинақтағы барлық ақшаны қауіпсіз шотқа салу қажетсіз” деген екен. Бұған жерлесіміз сеніп қалып, шотындағы бақандай 15 млн теңгені ер адам айтқан шотқа аударып жіберген. Аграрий алданғанын кейін түсіпті. Ол полицияға жүгінген. Тәртіп сақшылары ҚР ҚК 190-бабының 4-ші бөлігі «Алаяқтық» бойынша іс қозғаған екен. Жалпы, жыл басынан бері аймақта “Банктен қоңырау шалу” схемасы бойынша 120-дан астам алаяқтық фактісі тіркеліпті. Өкінішке қарай, қулардың бәрін қолға түсіру қиын. Себебі, олар еліміздің басқа қаласынан, тіпті, басқа мемлекеттен қоңырау шалуы мүмкін. Сол себепті құқық қорғаушылар тұрғындардан аса сақ болуды сұрайды.


Самал Жунусова