ТЖ

Өрт қауіпсіздігі айлығы

Апат айтып келмейді. Тамыздың 15-і күні өңірде өрт қауіпсіздігі айлығы басталды.

Іс-шара аясында құтқарушылар 1 ай бойы тұрғын үйлерді аралап, азаматтарды қауіпсіздік ережелерімен таныстырады, пештердің қысқы маусымға әзірлігін тексереді. Жұмыс барысында халықтың әлеуметтік осал топтары тұратын үйлерге ерекше назар аударылмақ. Бүгінгі күні 4448 баспана есепке алыныпты. Онда 12 жарым мыңнан астам адам тұрады.

ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
– Рейдтік іс-шара кезінде жылыту пештеріне, электр сымдарына ерекше назар аударылады. Тұрғындарға қауіпсіздік ережелері түсіндіріледі. Адамдар жылыту маусымына осы бастан сақадай сай болулары тиіс. Себебі, өңірде орны алып жатқан өрттердің 75 пайызы жеке секторға тиесілі.

Осындай рейдтердің арқасында қайғылы жайттардың алдын алуға болады, дейді мамандар. Мәселен, бұл үйде көпбалалы Махаббат Қардаполова есімді келіншек тұрады. Былтырғы жылыту маусымы алдында құтқарушылар азаматшаның баспанасында болып, пештің жай-күйін тексеріпті. Нәтижесінде бұзушылық анықталған екен.

ДАНИЭЛЬ САРКИСЯН – ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ТЖБ АҒА ИНЖЕНЕРІ
– Пештің қысқы маусымға дайын еместігі анықталды. Мұның аса қауіпті екенін ескеріп, біз жөндеу жұмыстарына адам бөлдік. Шаруа тындырылды. Әр адам пештің жай-күйіне көңіл бөліп отыру қажет. Себебі, немқұрайлық қайғылы жайтқа әкелуі мүмкін.

Үстіміздегі жылы өңірде 421 өрт оқиғасы тіркелді. Тілсіз жаудың салдарынан 30 адам көз жұмды. Төтенше жағдайдан 315 млн теңгеден астам материалдық шығын келген.


Дана Ешкенова