МТРА жаңалықтары

Қыстың қамын жаз ойла

 

Бұл – Аққайың ауданындағы Лесное және Власовка ауылдарының шабындық алқабы. Мұнда «Дайындық-Агро» серіктестігінің техника тізгіндеген қызметкерлері мал азығын әзірлеуде. Мамандарда тоқтап, тізе бүгетін уақыт жоқ. Қолайлы ауа райын барынша пайдалану қажет. Бүгінге дейін олар 4 мың тоннаға жуық пішендеме дайындапты. Келесі кезекте – сүрлем.

АЗАМАТ САҒЫНДЫҚОВ, «Дайындық-Агро» ЖШС бас агрономы, Аққайың ауданы:
– Көріп тұрғандарыңыздай, артымыздағы алқапта күнбағыс пен жүгері өсірілген. Соларды жатпай-тұрмай жинап жатырмыз. Іспен арнайы бригада айналысуда. Биыл танаптарға судан шөбін де ектік. Сонымен қатар, дәнді қоспалар өсірілді. Соңғы аталған өнім жануарлардың денсаулығына аса пайдалы әрі сүтті де молайтады.

 

«Дайындық-Агро» серіктестігі елді мекен тұрғындарын ұмыт қалдырмайды. Яғни төрт түлік ұстайтындарды жем-шөппен қамтамасыз етеді. Бір орам шөп 3000 теңге тұрады. Бұл нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен.

АЗАМАТ САҒЫНДЫҚОВ, «Дайындық-Агро» ЖШС бас агрономы:
– Біз жұмысшылар мен ауыл тұрғындарына шөпті жеңілдетілген бағамен сатамыз. Зейнеткерлерге де тиісті жағдай жасаймыз. Биыл мал ұстайтын әр үйге 300 келіден 20 орам шөп таратылды. Сонда бір баспанаға 6 тонна азық дайындадық.

Серіктестік малға арнап сұлы, арпа мен зығыр да еккен. Соңғысы өңдеуге жіберіліп, күнжар алынады. Осылардың барлығын қоса есептесек, шаруашылықтағы және үйдегі төрт түлік қыстыгүні құнарлы жем-азықпен қамтамасыз етілмек.