МТРА жаңалықтары

Ерік Сұлтанов: жем-шөптің бағасы халықтың қалтасын қақпауы тиіс


Ақжардан кейін Ерік Сұлтанов Уәлиханов ауданына барды. Бұл аудандағы “Жолдасбай Агро” фермерлік қожалығы ангус тұқымды қара мал өсіріп, етін сатумен айналысады. Бүгінгі таңда мұнда Зеңгі баба төлінің 1400 басы бар.

ЛЮФТ: АРДАҚ ҚАЙЫРБЕК, “Жолдасбай Агро” ФҚ менеджері, Уәлиханов ауданы

“Жолдасбай Агро” фермерлік қожалығы күзде мал шаруашылығының тағы бір бағытын қолға алмақ. Қазіргі таңда шаруашылық басшылығы заманауи тауарлы-сүт фермасын салып жатыр.

ӘЛІБЕК ҚОҚАНОВ, “Жолдасбай Агро” ФҚ өкілі, Уәлиханов ауданы
–  Сиырларды сауу блогы 40 ірі қараға шақталған. Яғни, бір мезетте сонша тұяқтыны саумақпыз. Ал қораның өзі 2 бөліктен болады. Әрқайсысында 612 бастан тұрады. Сондай-ақ, бұзауларға арналған арнайы блок салынады.

Қожалық өкілдерінің таңдауы голштино-фриз тұқымды ірі қараға түскен. Алдағы қазан айында 600 бас сиыр сонау Даниядан әкелінбек. Жаңа жылдан кейін тағы сонша мал жеткізіледі деп жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстарына көкшетаулық “Атом Групп” серіктестігі жауапты. Бүгінгі күнге дейін біраз шаруа атқарылыпты.

АРДАҚ ҚАЙЫРБЕК, “Жолдасбай Агро” ФҚ менеджері, Уәлиханов ауданы
–  1 млрд теңге ақша бөлінді. Бұл қаражат ірі қара мен құрылысқа алғашқы жарна ретінде жұмсалды. Сондай-ақ, өз қаржымызға су және электр желілерін тартып, кейбір материалдарды сатып алдық.

Ардақ Қайырбек құрылысқа мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе дейді. Оның сөзінше, іске қаржы керек. Ерік Сұлтанов бұл мәселені бақылауына алатынын айтты. Сапар соныңда сенатор “Северная Нива” серіктестігіне барды. Мұнда астық қоймасының жұмысшыларымен кездесіп, базыналарын тыңдады. Жанат Жауаровты жем-шөп мәселесі толғандырады.

ЖАНАТ ЖАУАРОВ, “Северная Нива” ЖШС жұмысшысы
– Бір тіркеме шөп 80 мың теңге тұрады. Оны қалай аламыз? Біздің жалақымыз 70 мың теңге ғана. Бір тіркеме шөпте ала алмаймыз.

ЕРІК СҰЛТАНОВ, ҚР Парламент Сенатының депутаты
– Қазір 70 мың деген жалақы жоқ. Жұмыс тобын шақыру керек. Бұл үлкен кәсіпорын.  Шөп-жемнің бағасы халықтың қалтасын қағады. Сондықтан, сіздер қарастырыңыздар. 70-80 мыңға шөп алар болса, малдың не қажеті бар!?

Ерік Сұлтанов бұл мәселе жергілікті билік көлемінде қаралып, шешімін табуы қажет деді.


Алдияр Айтпаев