МТРА жаңалықтары

Дәурен Абаев UMAI ұлттық сыйлығы туралы айтты

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев мәдениет қайраткерлерінің шығармашылық жетістіктерін қолдауға бағытталған UMAI ұлттық сыйлығы туралы хабарлады. Сыйлықтың жалпы жүлде қоры 54 млн теңгені құрайды. Қомақты қаржының басым бөлігі 19 аталым бойынша театр, музыка, хореография, сәндік-қолданбалы және бейнелеу өнері үздіктеріне үлестіріледі. Топ жарған әр жеңімпаз қанжығасын 2 млн теңгемен майламақ. «Үздік музыкалық-драмалық спектакль» және «Үздік балет спектаклі» номинацияларының жеңімпаздары да 10 млн теңге алады. Сонымен қатар, министр биыл мемлекет конкурстан өткен 62 киножобаға қаржылай қолдау көрсететінін және еңбекақыны көтеру туралы айтты.

Дәурен Абаев, Мәдениет және спорт министрі:
Жаңа академиялық жыл қарсаңында мәдениет және өнер саласындағы болашақ мамандарды дайындайтын оқытушыларымыздың еңбекақысы бірден 75 пайызға көтерілді. Осыдан бір ай бұрын еліміздегі «Ұлттық» статусына ие мәдениет саласындағы ұйым қызметкерлерінің де еңбекақысы 75 пайызға өскен болатын. Ендігі кезекте архив ісі ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысын да барынша көтеруді жоспарлап отырмыз.

Байболат Култанов