Спорт

Жамбыл ауданында «Жастар-2022» спартакиадасы өтті

Жамбыл ауданында «Жастар-2022» спартакиадасы өтті. Оған өңіріміздің түкпір-түкпірінен жиылған 18 бен 23 жас аралығындағы 400-ге жуық адам қатысты. Олар спорттың бірнеше түрі бойынша бақ сынады. Қатысушылардың арасында талай додада топ жарғандар да болды.
МҰРАТ ЕСТАЕВ, “Жастар-2022” спартакиадасының бас төрешісі
–  Спартакиада жақсы өтіп жатыр деп айта аламын. Қатысушылар спорттың 5 түрі бойынша мықтыларды анықтайды. Олар: футбол, жеңіл атлетика, грек-рим және еркін күрес, жағажай волейболы. Соңғысында ұлдар мен қыздар бөлек сынға түседі. Дәстүрлі дода бізге үздік жастарды анықтауға мүмкіндік береді.
Мына жерде ақжарлық және есілдік жігіттер волейбол ойнап жатыр. Әр құрамада 2 ойыншыдан. Алғаш аталған ауданның спортшылары жылдам әрі дәл екен. Олар қарсыластарын қос партияда ұтып, жарысты жалғастыру мүмкіндігін иеленді.
ӘЗІМ ӘНУАРБЕК , жарысқа қатысушы, Ақжар ауданы
– Кәдімгі волейболға қарағанда жағажай волейболының өзіндік қызықты тұстары бар.00:58 Неше түрлі тактика мен ережені білу қажет.
Кезек қыздарға келді. Жасыл алаңда Ғ.Мүсірепов пен Есіл ауданының арулары футбол ойнап жатыр. Көк жейдедегі аяқдопшылардың асығы алшысынан түсті. Олар бұған дейін Мамлют ауданының командасын тізе бүктіріпті. Осылайша, финалға жолдама алды. Карина Ерсайынованың айтуынша, құрама бұл жарысқа 2 жұмадай дайындалыпты.
КАРИНА ЕРСАЙЫНОВА – жарысқа қатысушы, Ғ.Мүсірепов ауданы
– Өзім футболмен 7 жылдай айналысам. Қарсыластардың барлығы жарысқа жақсы дайындықпен келіпті. Әр ойын тартысты өтіп жатыр. Енді шешуші матчқа дайындаламыз.
«Жастар-2022» спартакиадасы белді палуандардың да басын қосты. Бозкілемде 55 келі салмақ дәрежесіндегі грек-рим күресінің шеберлері күш сынасып жатыр. Есілдік Біржан Еркіннің жолы болды. Ол Уәлиханов ауданының өкілін айқын ұтты.
БІРЖАН ЕРКІН – жарысқа қатысушы, Есіл ауданы
– Қарсыласымды 10 да 0 есебімен жеңдім.
Ал кешке Жамбыл ауданының орталық алаңында спартакиаданың ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға өңіріміздің, Қазақстанның атын көпке танытқан былғары қолғап шебері Жанат Жақиянов қатысты. Көпшілік алдында әнші-бишілер өнер көрсетіп, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Кейін, жиналғандарды жарыстың ашылуымен облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек құттықтап, спортшыларға жеңіс тіледі.
ДӘУРЕН ЖАНДАРБЕК, СҚО әкімінің орынбасары
–  Облыстық спартакиданың қонақтары мен қатысушылары, сіздерді қонақжайлы Жамбыл ауданының жерінде қарсы алғанымызға қуаныштымыз. Осы жерден Жанат Жақиянов, Данияр Каленов, Аманғали Бекболатов сияқты атақты спортшылар шыққан.
3 күнге созылған жарыстың қорытындысын баян етейік. Бірінші орынды Жамбыл ауданы иеленді. Екінші сатыға қызылжарлық жастар жайғасты. Ал үздік үштікті Шал ақын ауданы түйіндеді. Жүлдегерлер кубок, грамота және ақшалай сертификаттармен марапатталды.