Өнеркәсіп

Петропавлда майлы дақылдарды өңдейтін зауыт бой көтеруде

 

Тың жоба! Петропавлда майлы дақылдарды өңдейтін заманауи зауыттың құрылысы қызу жүріп жатыр.

Нысан қаланың солтүстік бөлігінде орналасқан өнеркәсіптік аймақта бой көтеруде. Шаруа өткен жылы басталған. Ірі кәсіпорын 11 бірдей блоктан тұрмақ. Онда дәнді қабылдайтын, сақтайтын, қысатын әрі экстракциялайтын орындар болады. Жобаны жүзеге асыруға 20 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалмақ. Қаражаттың бір бөлігін “Масло-Дел” серіктестігінің басшылығы бөлсе, қалған соманы “Қазақстанның даму банкі” беріпті.

 ҚАНАТ НҰРПЕЙІСОВ, “Масло-Дел” ЖШС филиалының директоры:
 – Жоспар бойынша кәсіпорын тәулігіне 1200 тонна рапс, зығыр мен күнбағыс майын өндірмек. Ал жылдық қуаттылық 370 мың тоннаға дейін жетпек. Шикізат өңірімізде жеткілікті. Соны барынша пайдалана білуіміз қажет. Қазіргі таңда Новоишимское ауылында осындай кәсіпорнымыз жұмыс істеп тұр. Онда күніне шамамен 300 тонна өнім өңделеді. Ал салынып жатқан мына зауыттың қуаттылығы бақандай 4 есеге артық болмақ.

Зауыт өндіретін өнімнің 25% ішкі нарықта саудаланбақ. Ал қалған бөлігі шетелдерге экспортталады. Бүгінде өзге мемлекеттерден қазақстандық майға сұраныс аса жоғары екен. Мысалы, Қытайдың өзі ай сайын 10 мың тонна тауарды сатып алуға ниетті. Жоспар бойынша өндіріс ошағы келесі жылдың соңында іске қосылады. Қазіргі таңда құрылыс алаңында 80-ге жуық адам еңбек етуде.

ВЯЧЕСЛАВ ЩЕРБАКОВ, “Масло-Дел” ЖШС филиалының бас инженері:
 – Бүгінде күнжара қоймасы дайын тұр. Қазіргі таңда дән сығатын цех пен тұқым қабылдау қоймасының іргетасы құйылып жатыр. Алаңда 12 техника жұмыс істеуде. Зауыт еуропалық стандартқа сай салынуда. Құрылысқа қажетті материалдардың басым бөлігін Ресейден жеткіздік. Жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде.

Зауытқа қажетті жабдықтар да дайын екен. Көбі Германия мен Түркия елдерінде жасалыпты. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң 300-ден астам адам екі қолға бір күрекпен қамтылмақ.

Дана Ешкенова