МТРА жаңалықтары

Кәсіпкер мектеп оқушысына есту аппаратын алып берді

Зарина Сарбаева Аққайың ауданындағы «Дайындық-Агро» серіктестігінде аспаз болып жұмыс істейді. Биыл оның отбасы қиын жағдайға тап болды. Дәрігерлік тексеріс кезінде үйдегі кіші қыздың есту қабілеті нашарлағаны анықталыпты. Мұндай қиын сәтте жанұяға нәзікжанды еңбек ететін агроқұрылымның басшысы көмек қолын созған. Жаны жайсаң Біржан Шаймерденов 6 жастағы Меруертке әрқайсысының құны 400 мың теңгеден асатын 2 швейцариялық аппарат сатып әперген. Қазір қылықты қыз мектепке баратын күнді асыға күтіп жүр екен.

ЗАРИНА САРБАЕВА, Дайындық ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:
– Аппарат таққаннан кейін қызым жақсы ести бастады. Оң өзгерісті бәріміз байқадық. Қуанып жатырмыз. Шетелдік қымбат құрылғы сатып әперген серіктестік директорына зор алғыс білдіремін. Басшымыз ауылдағы балалардың барлығына ерекше көңіл бөледі. Ұл-қыздарға арнап ойын алаңын, жаңа балабақша салды. Мектепті де жөндеп берді. Балаларға жыл сайын 1-ші маусымда агроқұрылым тарапынан сыйлықтар таратылады.

Меруерттің есту қабілеті жақсарғанына жақындары ғана емес, қолдау көрсеткен кәсіпкер де қуаныпты. Біржан Шаймерденов мұндай сәтте қолдан келсе, көмек беру қажет деп санайды.

БІРДАН ШАЙМЕРДЕНОВ, «Дайындық-Агро» ЖШС директоры, Аққайың ауданы
– Балаға көмек керек екенін естігенде, мен бірден қолдау танытамыз дедім. Қиын сәтте жұдырықша жұмылдық. Шаруашылықтағы қызметкерлердің басын қосып, қызға жәрдем қажеттігін хабарладым. Олар бірліктің нағыз үлгісін көрсетті. Ұжым 250 мың теңгедей жинап берді. Ал қалған ақшаны агроқұрылым өтеді. Қандай аппарат және оны қайдан алу қажеттігін дәрігерлер айтты. Құрылғыны Меруерттің құлағына тағып, маман “мама” деп сыбырлағанда, қызымыз айтылғанды қайталап берді. Осы сәтте төбем көкке екі елі жетпей қалды.

Біржан Шаймерденов Дайындық негізгі мектебіне де көмектеседі. Диханның қолдауымен нысан күрделі жөндеу көрді. Қазір мұндағы спорт залы заманауи талаптарға сай келеді. Оқушылар тегін тамақпен қамтамасыз етіліпті. «Мектепке жол» акциясы да ұмыт қалмаған. Азамат жыл сайын балаларға оқу құралдарын сатып әпереді екен. Былтыр білім ошағының маңына асфальт та төсеп беріпті.

ТАЛҒАТ РАМАЗАНОВ, Дайындық негізгі мектебінің директоры, Аққайың ауданы
– 2000-шы жылдардың басында 15 миллион млн теңге бөліп, мектепті күрделі жөндеуден өткізді. Мұндай жұмысты 2019-шы жылы да жүргізді. Сонымен қатар, тамаша спорт залын салып берді. Онда керек-жарақтың барлығы бар. Бұл іске 70 млн теңгедей қаржы жұмсалды. 2011 жылы 11 миллион теңгеге балабақша да тұрғызды. Қазір ауылдағы кішкентай ұл-қыздар сол жерде тәлім алады.

2029 жылы Дайындық ауылының құрылғанына 1 ғасыр болмақ. Агроқұрылым басшысы бұл уақытқа дейін елді мекендегі үйлердің санын 100-ге жеткізіп, әрқайсысына су кіргізуді жоспарлап отыр. Серіктестік биыл 4 баспана тұрғызыпты. Алдағы уақытта тағы 12 тұрғын жайды халыққа тапсырмақ.


Байболат Култанов