Елдегі эпидемиологиялық ахуал

COVID-19: Қазақстан

17:34 15 Тамыз 2022

Коронавирусқа қатысты статистика көңіл көншітпейді. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, елдегі эпидемиологиялық ахуал күн санап нашарлап барады.

Өткен тәулікте бақандай 1239 отандасымыз тәж вирусын жұқтырып алған. Індетке шалдығу тізімінің көшбасында Нұр-Сұлтан қаласы тұр. Елордада соңғы 24 сағат ішінде 233 адамнан алынған сынама оң нәтиже көрсеткен. Ал Алматы шаһарында 145 жайт тіркелген.

АЖАР ҒИНИЯТ, ҚР денсаулық сақтау министрі
– Соңғы екі аптаны алдыңғы екі аптамен салыстырғанда аурудың саны 10 мың жағдайдан 34 мың жарым жағдайға дейін немесе 3,2 есеге өсті. Өсу барлық өңірде байқалады.

Денсаулық сақтау министрінің сөзінше, бүгінде тәж вирусын жұқтырған жандар инфекцияны жеңіл өткеруде. Дегенмен, бұған немқұрайлы қараудың қажеті жоқ. Себебі зейнеткерлер, жүкті әйелдер, созылмалы аурулары бар адамдар коронавирусты ауыр формада өткереді. Бүгінде елдегі науқастардың 94% амбулаториялық жағдайда емделуде. Қазіргі таңда елімізде 5062 төсек-орын бар.

АЖАР ҒИНИЯТ, ҚР денсаулық сақтау министрі
– 191 инфекциялық стационарда стационарлық көмек көрссетілуде. Төсек-орынмен қамту 28 пайызды құрайды. Жансақтау бөлімшесіндегі төсек-орын 78 пайызды құрап отыр.

Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде демекші, Денсаулық сақтау министрі қазақстандықтарды вакцинациядан немесе ревакцинациядан өтуге шақырады. Себебі, екпе – тәж вирусымен күрестегі басты құрал.

АЖАР ҒИНИЯТ, ҚР денсаулық сақтау министрі
– Эпидемиологиялық тексеру барысында анықталғандай, коронавирус жұқтырғандарыдың 80% – екпе алмағандар немесе вакцинаны 6 ай бұрын салдыртқандар. Бұл тағы да инфекцияға қарсы иммундық иммунитет, яғни, вакцинацияның керек екенін дәлелдеп отыр. Бүгінде екпе алуға тиісті егде жастағы адамдардың 80%-дан астамы иммундаудан өтті. Ал вакцинациядан өткен барлық халықтың пайыздық көрсеткіші 56-ны құрап отыр.

Сөз соңында аз-кем статистикамен бөлісе кетейік. Елде коронавирусқа қарсы вакцинаның алғашқы компонентін 10 млн 800 мыңнан астам адам алған. Ал екінші құрамды қойдырғандардың саны 10 млн 540 мыңнан асады.


Дана Ешкенова

Бұдан әрі оқыңыз

Коронавирусқа қатысты ахуал