МТРА жаңалықтары

Ауыл тұрғындарына “Ауыл аманаты” жобасы түсіндірілді

Кәсіп ашқысы келетін ауыл тұрғындарына жағымды жаңалық. “AMANAT” партиясы Үкіметпен бірлесіп, “Ауыл аманаты” атты жобаны іске қосты. Бұл – мемлекет басшысының “Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы” аясында қолға алынған бастама.

АСЛАН САЛАУАТОВ, «Ауыл аманаты» жобасының сарапшысы, Нұр-Сұлтан қаласы:
–  Бұл жобаның артықшылықтары қандай? Ең төменгі пайыздық көрсеткішпен несиеленетін болады. Оның ішінде жеке кәсіпкерлер жеке тұлғалармен бірігіп, кооперация құру қарастырылған. Кооператив құрудың арқасында қомақты несиелерге қол жеткізуге немесе қымбат ауыл шаруашылығы техникасын алуға болады.

Қазір “AMANAT” партиясының өкілдері жер-жерде ақпараттық-насихаттау жұмыстарын жүргізуде. Бүгін арнайы мобильдік топ Мамлют ауданындағы Покровка ауылына келді. Халықпен кездесу орта мектептің жанында өтіп жатыр. Жиында 2,5 пайызбен несие алу, кооператив құру, оның пайдасы жайлы баяндалуда.

люфт

– Бұл кооперативтің мақсаты – ауылдағы шағын кәсіпкерді немесе жұмыссыз тұрғындарды үлкен кәсіпорындармен бәсекелесе алатындай дәрежеге жеткізу.

Айта кетейік, елімізде “Ауыл аманаты” жобасы осыдан 2 жыл бұрын пайда болды. Алдымен бастама пилоттық режимде Жамбыл облысының 11 ауылдық округінде сыналыпты. Елордадан ат терлетіп келген Аслан Салауатовтың айтуынша, бүгінде Әулие ата жұрты тың бағдарламаның жемісін көріп отыр.

АСЛАН САЛАУАТОВ, «Ауыл аманаты» жобасының сарапшысы, Нұр-Сұлтан қаласы:
–  Бүгінгі біздің мақсатымыз – ауыл тұрғындарына осы жобаның артықшылықтарын түсіндіру. Жобаның тағы бір мақсаты -кез келген тәсілдермен халықтың табысын арттыру. Оның ішіне халықты кәсіпкерлікке тарту, сол арқылы жаңа жұмыс орындарын құру, халықтың өндіріп отырған өнімдерін сату кіреді.

Бүгінгі шараға 25-ке жуық адам жиналды. Солардың бірі – Қуанышбек Мұсалиев. Ол Покровка ауылына осыдан 1 жыл бұрын мал шаруашылығымен айналысу үшін Нұр-Сұлтан қаласынан көшіп келіпті. Пайдалы кеңестер көңілінен шыққан азамат ағымдағы жылдың соңына дейін жобаға қатыспақ ниетте.

ҚУАНЫШБЕК МҰСАЛИЕВ, Покровка ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:
–  10 сиыр алып, сүтпен айналысып жатқан жайымыз бар. Бүгін “AMANAT” партиясының өкілдері 2,5 пайыздық несие алу туралы айтты. Көңілге ұнамды екен. Жобаға қатысып, мал басын көбейткім келеді.

2023 жылға дейін қаржыландырылатын “Ауыл аманаты” жобасы аясында ауыл әкімдері арнайы оқудан өткен. Олар халыққа бағыт-бағдар бере алады. Арнайы мобильдік топ өңірімізде тамыздың 20-на дейін болып, барлық ауданда халықпен кездесуді жоспарлап отыр.


Самал Жунусова