МТРА жаңалықтары

Құрылысшылар құрметке лайық!

Құрылысшылар күні қарсаңында Петропавлда маңдайалды мамандар марапатталды. Биыл дәстүрлі іс шара қаламыздағы жоғары құрылыс-экономикалық колледжінде өтті. Залға әжептәуір адам жиналған. Оларды алдағы мерекемен құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қайролла Ғалеевқа құттықтады. Өз сөзінде атқамінер өңірімізде атқарылып жатқан шаруаны жіпке тізді.

ҚАЙРОЛЛА ҒАЛЕЕВ – СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы
–  Қазір өңіріміздің 73 нүктесінде құрылыс жұмыстарын жүргізіліп жатыр. Оның ішіне 15 тауарлы-сүт фермасы, 2 құс фабрикасы және 3 мал бордақылау алаңы кіреді. Көпқабатты үйлер де салынуда. Нақтырақ айтсақ, бүгінде 2509 пәтерді қамтитын 57 баспана тұрғызылуда. Оның бір бөлігі биыл халық игілігіне беріледі. Сонымен қатар, қаламыздағы қазақ театры мен Қозыбаев университетінің жаңа корпусы жақын арада тапсырылады.

Бұл ретте құрылысшылардың еңбегі зор. Олар жаздың аптап ыстығында, қыстың аязы мен боранында бел жазбай жұмыс істейді. Мұндай жандардың маңдай тері бағалануы тиіс. Мереке қарсаңында бір топ солтүстікқазақстандық қошеметке бөленді. Оларға облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты мен бейінді министрліктен жолданған «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы» төсбелгісі табысталды.

Министрліктен жолданған 3 төсбелгінің бірі «Альфа-Север» серіктестігінің прорабы Олег Сивунға табыс етілді. Ол өмірінің 37 жылын құрылыс саласына арнапты.

ОЛЕГ СИВУН – «Альфа-Север» ЖШС прорабы
–  Мен еңбек жолымды монтаж жұмыстарын жүргізетін маман болып бастадым. Уақыт өте келе тәжірибем толықты. Қазір прорабпын. Қалада біраз үй салдық. Жұмысым өзіме өте ұнайды. Мен үшін қолдарына пәтер кілттерін алып, жүздері бал-бұл жайнаған адамдарды көру үлкен бақыт.

Мерекелік жиында 50-ге жуық сала өкілі марапатталды. Жалпы, бүгінгі таңда өңірімізде 3 мыңға жуық құрылысшы еңбек етеді.

Гульден Симбаева