МТРА жаңалықтары

«Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы іскер жандармен кездесті

«Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Райымбек Баталов өңір кәсіпкерлерімен кездесті. Жиында саладағы өткір тұрған мәселелер қаузалып, шешу жолдары қарастырылды.

Басқосуда алғашқылардың бірі болып Ғабит Мүсірепов ауданындағы “Целинное-2004” серіктестігінің заңгері Елена Пригоженко сөз алды. Қазіргі таңда аталған агроқұрылымның 30 мың гектар егістік жері бар. Шаруашылық жыл сайын техника паркін жаңартады. Биыл да қосымша құн салығын өтеуге мемлекет көмектеседі деген сеніммен қос бірдей шетелдік себу кешенін сатып алыпты. Бірақ, заңға өзгеріс енгізіліп, серіктестік қолдаусыз қалған.

ЕЛЕНА ПРИГОЖЕНКО, “Целинное-2004” ЖШС заңгері, Ғ.Мүсірепов ауданы
–  Себу кешендері қосымша құн салығы есебінен төленетін тауарлар тізбесінен алынып тасталды. Енді “Целинное 2004” серіктестігі салық төлеуге мәжбүр. Қарыз аз емес. Кешеннің әрқайсысына 20 млн теңге төлеу қажет. Яғни, қалтамыздан бақандай 40 млн теңге шығады. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін айтарлықтай шығын.

РАЙЫМБЕК БАТАЛОВ, «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы:
–  Бұл ел көлеміндегі мәселе. Өкінішке қарай, қаулы шығарылып қойылды. Бірақ, біз өтініш жазып, заңнамаға қайтадан өзгеріс енгізуді ұсындық. Қазір сұрауымыз қарастырылып жатыр. 2023-ші жылдың 1-ші қаңтарынан кейін өзгеріс орын алады деп сенеміз.

Жиында көтерілген кезекті мәселе тұрғын үйлерден бос орындарды жалға алып, істерін өрге домалатқан кәсіпкерлерге қатысты болды. Бұл проблеманы облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Райымбек Баталовтың алдында адвокат Елена Игнатенко көтерді. Нәзікжанды бизнесмендер тұрғындарға қарағанда жылуға көп ақша төлейді дейді. Сөзінше, тариф әртүрлі.

ЕЛЕНА ИГНАТЕНКО, адвокат
– Орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған абоненттер жеке және заңды тұлға деп бөлінеді. Қос тарап бір үйде тұрғандықтан, бірдей жылу тұтынады. Бірақ, әртүрлі төлеп жасайды. Себебі, жылумен қамтамасыз ететін компания кәсіпкерлерді заңды тұлға тобына жатқызады.

Өз сөзінде адвокат статистика да келтірді. Қарапайым тұрғындар айына жылу үшін 3528 теңге төлейді екен. Ал заңды тұлғалар, яғни, кәсіпкерлер 9603 теңге аударады.

РАЙЫМБЕК БАТАЛОВ, «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы:
– Тариф Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен бекітілді. Біз қазір бұл теңсіздікті қарап жатырмыз. Жақын арада бұйрыққа белгілі бір өзгерістер енгізіледі деп үміттенеміз.

Бұл кездесуде жер мәселесі де қаралды. Аққайыңдық жеке кәсіпкер Максим Матюхин шенеуніктер жер телімдерін конкурссыз бөлді дейді. Салдарынан кейбір іскер жандар жайылым таппауда. Базынасын жеткізген жерлесіміздің өзі қой өсірумен айналысады екен.

МАКСИМ МАТЮХИН, жеке кәсіпкер
– Қазіргі таңда мен өзіме заңды түрде берілген аумақтан айрылып отырмын. Жем-азық дайындалған жоқ. 6 ай қыста малға не беремін? Қойларды сатып, бизнесті тоқтату ғана қалды. Жыл сайын мемлекетке 250 мың теңге салық төлеймін. Сіздерден сұрарым, әр талапты жеке-жеке қарастырып, кәсіпкерлердің жағдайын ескерсеңіздер.

Максим Матюхинді алаңдатқан бұл мәселеге қатысты облыс әкімі Құмар Ақсақалов былай деді.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі
– Мемлекетке қайтарылған шаруалардың жерлері міндетті түрде сондай көлемде кәсіпкерлерге қайтарылады. Сіздердің құқықтарыңыз қорғалады.

Жиында тағы құрылыс материалдарының қымбаттауы, ауылдағы кәсіпкерлерге көрсетілетін көмек және аяқ киімді таңбалау сынды мәселелер қаралды. Көтерілген проблемалардың дені шағын және орта бизнеске қатысты болды.

Алдияр Айтпаев