МТРА жаңалықтары

«AMANAT» партиясы фракциясының отырысы өтті

Облыстық мәслихат жанындағы “AMANAT” партиясы депутаттық фракциясының отырысы өтті.

Кезекті басқосуда депутаттар білім беру нысандарында жүріп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын талқыға салды. Ағымдағы жылы бұл мақсатқа 2 млрд теңгеден астам қаражат бағытталған. Қаржының басым бөлігі “Ауыл-Ел бесігі” бағдарламасы бойынша бөлініпті. Қомақты соммаға 20 нысан қалыпқа келтірілмек. Ал 7 ғимарат жергілікті бюджет есебінен жөнделеді.

ВЛАДИМИР ТКАЧЕНКО, СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:
– Бүгінде 3 білім беру нысаны жаңа оқу жылына 100 пайыз дайын. Атап айтқанда, Ақжар ауданындағы Жаңаауыл, Тайыншадағы Ильичев пен Тимирязев ауданындағы Докучаев ауылдарындағы орта мектептер жөнделді. Ал Есіл ауданына қарасты Николаевка елді мекеніндегі шаруа бірер күннен кейін аяқталады. Ағымдағы жылы негізінен ауылдық жерде жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Владимир Ткаченконың сөзінше, жөндеу жұмыстарының барысы облыстық білім басқармасының тұрақты бақылауында. Осы орайда “AMANAT” партиясы жергілікті филиалының атқарушы хатшысы Әсем Рахметова депутаттарға маңызды шаруаны қадағалауды ұсынды.

ӘСЕМ РАХМЕТОВА, “AMANAT” партиясы СҚОФ атқарушы хатшысы:
– “Бұл жұмысты ертең кім қабылдады”, “Кім қарады”, “Депутаттар қайда болды” деген сұрақтар туындауы мүмкін. Сондықтан, депутаттардың барлығы тізімді қарап шығып, өз аудандарыңыздағы мектептерді бақыласа дұрыс болар еді.

Мектептердегі жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп, уақытында аяқталуы тиіс. Алайда, жауапсыз мердігерлер жоқ емес, бар. Әсіресе, өзге аймақтардан келген құрылысшылар шаруаға жүрдім-бардым қарайды екен.

ГЕННАДИЙ ЗЕНЧЕНКО, СҚО мәслихат жанындағы “AMANAT” партиясы депутаттық фракциясының мүшесі:
– Біздегі заңнамаға сәйкес, жауапсыз компаниялар келесі конкурсқа жіберілмеуі тиіс. Және менің айтарым, тек жергілікті мердігерлермен жұмыс істеу керек. Олқылық анықталған жағдайда олар қайта қалыпқа келтіре алады. Ал өзге өңірлерден келген құрылысшыларды қайдан табамыз?

Геннадий Зенченко көтерген мәселе өзекті. Партия мүшелері оны келесі отырыста жан-жақты талқыламақ ниетті.

Дана Ешкенова