МТРА жаңалықтары

Аймақ басшысы жұмыс сапарымен Ақжар ауданында болды

Аймақ басшысы жұмыс сапарымен Ақжар ауданында болды. Дәуіт ауылындағы «Нур КААД Агро» серіктестігінің аумағында жергілікті жұртшылықтың қатысуымен жиын өтуде. Кездесуде ағайынды мал азығымен қамту мәселесі қаралды. Бұл проблема өткір тұр. Мұндағы тұрғындардың бірде-бірінің үйіне әлі шөп жеткізілмепті.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі
–  Серіктестіктер орманның ішінен біраз шөпті алып жатыр. Жаман емес. Бірақ, Ақжар мен Уәлиханов ауданында шөп тапшылығы бар. Серіктестік басшыларына айтарым, ағайынға көмектесу қажет.

Ақжарлықтар шөптен ғана теперіш көріп отырған жоқ. Жем де тапшы. Оның үстіне бағасы жыл сайын көтеріледі. Талшық ауылының тұрғыны Асылзада Искаков бұл мәселеге қатысты бір шара қолданылса дейді.

АСЫЛЗАДА ИСКАКОВ, Талшық ауылының тұрғыны, Ақжар ауданы
– Элеватордың басшыларымен келісуге бола ма? Зейнеткерлер бар, жағдайы төмен отбасылар бар.  Сол кісілерге арзандатылған бағамен жем берілсе деймін.

Азаматтың бұл сауалына “Талшық Астық Агро” серіктестігі директорының орынбасары Петр Чернинский былай деп жауап берді.

ПЕТР ЧЕРНИНСКИЙ, «Талшық Астық Агро» ЖШС директорының орынбасары, Ақжар ауданы
– Серіктестікте 200 адам жұмысы істейді. Бірінші кезекте соларды жеммен толықтай қамтамасыз етеміз. Қалған өнімді тұрғындарға таратамыз. Халықтың барлығын қамтуға тырысамыз.

Жиыннан кейін Құмар Ақсақалов Дәуіт пен Ленинградское ауылдары арасында салынып жатқан тасжолдың жұмысымен танысты. Шаруа өткен жылы басталған. Құны 1 млрд 233 млн теңгені құрайды.

РУСЛАН АБОЛЕНСКИЙ, «Көкшетау жолдары» ЖШС бас инженері
– Өткен жылы қаржының 482 млн теңгесі игерілді. Биыл әзірге 534 млн теңгені жараттық. Жолдың жалпы ұзындығы 10 жарым шақырымнан асады. Бүгінге дейін шаруаның басым бөлігін тындырдық.

Биыл Ақжар ауданындағы Ленинградское ауылындағы су мұнарасы ауыстырылыпты. Бұрынғысының сыйымдылығы 25 текше метрді құраса, қазіргісінікі одан 4 есеге көп. Елді мекеннің дамуымен танысқасын облыс әкімі Алқатерекке ат ізін салды. Мұндағы ағайынды бір мәселе алаңдатады. Халық іргедегі Ленинградскоеға дейінгі және ауылішілік жолдар жөнделсе дейді.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі
– Бірінші не істеуіміз қажет? Ауылдың ішін бе? Әлде ауыл арасын ба? Қазір келісіп алайық. Мен бірінші қос ауыл арасындағы жолды жөндеу қажет деп санаймын. Одан кейін ауыл ішіндегі көшелер жөнделеді.

Сапар соңында Құмар Ақсақалов «Алқатерек Агро» серіктестігінің шөп егілген алқабында болды. Биыл жергілікті агроқұрылым 400 гектар жерге пішен егіпті. Келесі жылы шаруа мал азығына бөлінген аумақты 2 мың гектарға жеткізуді көздеп отыр.

Алдияр Айтпаев