МТРА жаңалықтары

Жылыту маусымына дайындық жұмыстары

Петропавлда жылыту маусымына дайындық бойынша ауқымды және жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингі барысында Петропавл қаласының әкімі мен “Севказэнерго” АҚ бас директоры мәлім етті.

Руслан Аңбаев, Петропавл қаласының әкімі
– Қазіргі таңда қаланың орталық жылумен жабдықтау жүйесіне 4 жарым мың ғимарат қосылған. Сондай-ақ, жылу энергиясымен тұрмыстық сектордың 71 мың абоненті және 2301 заңды тұлға қамтылған.

“Нысандар бойынша алдағы жылыту маусымына дайындық жоспарға сәйкес жүргізілуде”,- дейді Петропавл қаласының әкімі Руслан Аңбаев. Бүгінге дейін шаһардағы 84 білім беру мекемесінің 79-ы дайындық паспортын алыпты. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 7 млн теңгеден астам қаражат бөлінген екен. Ал 16 денсаулық сақтау мекемесінің 12-сі қауырт маусымға сақадай сай.

Олег Перфилов, “Севказэнерго” АҚ бас директоры
– Петропавл №2 жылу электр орталығында наурыз айында құлаған мұржаны демонтаждау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Шаруа 20-шы қыркүйекке дейін жалғасады. Осы ретте айта кетейін, қуат ошағы бұл мұржасыз қаланы жылыта алады. Бұған дейін мұржаларға қатысты сараптама жүргізілген болатын. Қорытындысы дайын. Орталықтағы 3-ші мұржаға қатысты ешқандай олқылық анықталған жоқ. Ал 2-ші мұржаны ішкі жөндеу жұмыстары аяқталды.

Енді қазандықтардың жай-күйіне тоқталып өтсек. Қуат ошағының өкілдері жылыту маусымы басталған кезде 7 агрегатты іске қосуға ниетті. Кейін қараша айында тағы 4 қазандық іске қосылады деп жоспарланып отыр. Брифинг барысында тілшілер қала басшысы мен “Севказэнерго” АҚ бас директорына толғандырған сауалдарын қойды. Басты сұрақ – қыстан қысылмай шығу үшін әлеуметтік нысандар мен пәтерлерге жылытқыш алу қажет пе?

 Олег Перфилов, “Севказэнерго” АҚ бас директоры
– Біз энергетика басқармасы мен облыс әкімінің орынбасарына ресми хат жолдаған болатынбыз. Құжатта жылыту маусымы кезеңінде қосымша жабдық сатып алу талап етілмейді деп жазылды.

Руслан Аңбаев, Петропавл қаласының әкімі:
– Қауырт маусымға ауқымды дайындық жүріп жатыр. Бірақ, қыс кезінде түрлі апаттар орын алмайтынына кім кепіл?! Осы себепті мен үлкен нысандарға резервтік қазандықтарды дайындауды ұсынамын.

Расымен, қақаған қыстың ортасында апаттың орын алмайтынына ешкім кепілдік беріп отырған жоқ. Бірақ, ауқымды деп отырған дайындық тынғылықты әрі сапалы жүргізілсе, биылғы қыс петропавлдықтар үшін жылы болмақ.

Дана Ешкенова