МТРА жаңалықтары

Петропавлда қоқыс шығару тарифі өсуі мүмкін

 

Ескі жиһаз, қираған заттар, түрлі қораптар мен ағаш бұтақтары. Осылардың бәрін Петропавл аулаларындағы қоқыс жәшіктерінің маңынан көруге болады. Бұларды қала сыртына кім шығарады?

ВЯЧЕСЛАВ САМОЙЛОВ, өндірістік кооператив төрағасы:
–  Осы қоқыстарға қатысты шағымдар бар. Жақында маңайдағы үйлердің төрағаларын жинап, мәселенің мән-жайын анықтадық. Проблеманы әкімдік арқылы шешу қажет. Сол үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне өтініш жазып жатырмыз.

Жақында желіде мына видео тарады. Ер адам көліктен үлкен қаптарға салынған қоқыс шығарып, жәшік маңына тастап жатыр. Тәртіп бұзушы табылды. Оған 63 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Өндірістік кооператив төрағалары осындай мәселенің алдын алу үшін бағаны арттырып, тарифке ірі қалдықтарды шығару қызметін қосу керек дейді.

ВЯЧЕСЛАВ САМОЙЛОВ, өндірістік кооператив төрағасы:
– Менің ойымша, тұрмыстық қатты қалдықтарды шығаратын компания ірі қоқыстарды да шығаруға жауапты болуы керек. Бірақ, ол үшін тарифті көтеру қажет.

Енді қолданыстағы келісім жайлы баяндайық. Құжатта жиһаздар, электроника және басқа да үлкен қалдықтарды тұрғындар өз ақшаларына шығару қажеттігі жазылған.

ӘСЕМ АЙТУЛОВА, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:
– Қоқыс шығаратын кәсіпорындармен тұрғындардың арасындағы келісімшартқа сәйкес, қоқыс шығаратын орындарда тек қатты қалдықтар, яғни күнделікті қолданылатын қалдықтар ғана төгіледі және шығарылады. Ал қалған ірі қалдықтарды бөлек қаражатқа шығару керек. Тұрғындар өздері қоқыс шығаратын кәсіпорындарға жүгіну қажет. Бізде тариф 2017 жылдан бері көтерілген жоқ. Көпқабатты үйлерде 220 теңге, ал жеке секторларда 234 теңге.

Дегенмен, өзгеріс орын алуы мүмкін. Нақтырақ айтсақ, өндірістік кооператив төрағаларының қалағаны болуы ықтимал. Жақында тариф көпқабатты үйлерде тұратын бір адам үшін – 408, ал жеке сектор үшін 464 теңгеге дейін өседі деген болжам бар. Бағаның 2 есеге ұлғаюына байланысты компаниялар үй маңындағы ірі қалдықтарды да шығарады. Өзгеріс тамыздың 20-на дейін Әділет министрлігінде мақұлданады. Бекітілген жағдайда қалалық мәслихаттың қарауына жіберіледі.


Самал Жунусова