МТРА жаңалықтары

«Жер аманаты» комиссиясының өкілдері Мамлют ауданының тұрғындарымен кездесті

 

Жер-жерді аралап, халық үніне құлақ асатын топ! Республикалық «Жер аманаты» комиссиясының өкілдері Мамлют ауданындағы Белое ауылында болды. Мұнда қоғам белсенділері жергілікті тұрғындармен жүздесіп, халықтың көкейіндегі мәселелерді талқылады. Көтерілген алғашқы проблема – жайылым аумақтардың тапшылығы.

БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК, жер мәселелері бойынша сарапшы, «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары:
– Өткен жылы жер кодексіне қатысты заңнамаға өзгерістер енгізілді. Соның арқасында қоғамдық жайылым жерлерді құру туралы шешім қабылданды. Яғни, енді әр ауыл маңынан 2,3,5 және 7 шақырым аумақ мал жайылымы үшін беріледі. Осы орайда мынаған назар аудары қажет. Егер берілетін жер серіктестіктерге тиесілі болса, агроқұрылым иесіне ақшалай өтемақы немесе сондай көлемдегі жер басқа маңнан ұсынылады. Жалпы, сіздердің жайылымды жергілікті атқарушы орган мен мәслихаттан талап етуге толықтай құқықтарыңыз бар.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары
– Облыстағы мал басы бойынша есептейтін болсақ, өңірде 540 мың гектар жайылым жер жетіспеді. Бүгінгі күнге дейін 400 мыңы қайтарылды. Әлі 147 мың гектар қажет. Аумақтар серіктестік иелерінен сот арқылы, өз еркімен және мәжбүрлі түрде қайтарылып жатыр.

Келесі мәселе пайшыларға қатысты. Қазіргі қоғамда жалға алған жерден орары мол, бірақ тұрғындарға берері аз кәсіпкерлер бар. Алайда, бұл тізімге Белое елді мекеніндегі “Белое-Агро” серіктестігі кірмейді. Жыл сайын жергілікті агроқұрылым ауыл азаматтарын мал азығымен қамтамасыз етеді екен.

ТАЛҒАТ ӘЛЖАНОВ, “Белое-Агро” ЖШС директоры, Мамлют ауданы
– Серіктестікте 484 жарнашы бар. Олардың әрқайсысы 12 гектар жерге иелік етеді. Өткен жылы пайшыларымызға 240 тонна жем мен 120 тонна шөп үлестірдік. Ал мал ұстамайтын жандарға 40 мың теңге көлемінде ақшалай көмек көрсеттік. Қазір агроқұрылым әр метр жерді пайдаланып жатыр. Бос жатқан аумақ жоқ.

Бес саусақ бірдей емес. Жаңа айтып өткеніміздей, кейбір серіктестік иелері тұрғындарға жағдай жасамайды. Мұндай жағдайда пайшылар не істей алады? Халық жиналыс өткізіп, шаруашылықтың басшысын ауыстыруға немесе жерлерін бөліп алуға толықтай құқықтары бар екен. Мұны жиналыс барысында қоғам белсендісі Мұрат Әбенов мәлімдеді. Басқосуда қоғам қайраткері банктегі былықтарға да тоқталды.

МҰРАТ ӘБЕНОВ, ҚР тұтынушылардың құқықтарын қорғау коалициясының төрағасы
– Көптеген жер иелері өз құқықтарын білмей жерлерін серіктестіктерге беріп жатады. Ал ол кәсіпкерлер тұрғындардың сауатсыздығын пайдаланып, жерді банкке кепілдікке қойып, несие алған. Бүгінгі күні СҚО бойынша қаржы ұйымдарында 1 млн гектар жер кепілдікте жатыр. Ол жерлер жұмыс істемейді. Әрине, бұл банктердің үлкен қателігі. Алдағы уақытта осы жерлерді қайтаруға әрекет жасауымыз қажет.

Банктегі жерлердің жайы түсінікті. Осы орайда келесі мәселеге тоқтала кетейік. Қазіргі таңда елімізде мақсатсыз пайдаланбай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін ел бойынша мұндай 300 мың гектарға жуық аумақ анықталып, қайтарылған. Оның 1300 гектары Мамлют ауданындағы Белое ауылының аумағында екен.


Алдияр Айтпаев