МТРА жаңалықтары

Жас сарбаздар ант қабылдады

 

Петропавлдағы Ұлттық ұланның 6637 әскери бөлімінде дәстүрлі ант қабылдау рәсімі өтті. Қаз-қатар тізілген мына Отан қорғаушылар 40 күн бойы тиісті оқудан өтіп, қару ұстауды меңгеріпті. Міне, «Қазақстан Республикасына адал қызмет етемін» дейтін сәт те келіп жетті.

Азамат Күнтуаров Петропавлға Семей қаласынан келіпті. 22 жастағы сарбаз жоғары оқу орнын тәмамдап, азаматтық борышын өтеуге аттанған екен. Алдағы уақытта әскери салада еңбек еткісі келеді.

Ант қабылданды. Тілшілерге берген сұхбатында жауынгер артта қалған 1 жарым айдың ішінде біраз дүние үйрендім дейді.

АЗАМАТ КҮНТУАРОВ, сарбаз, Шығыс Қазақстан облысы:
–  Мен университет бітіріп, өз еркіммен әскерге келдім. Отан қорғау – біздің басты міндетіміз. Әр азамат сарбаз болып, сапқа тұруы қажет деп санаймын. 1 жарым айдың ішінде темірдей тәртіпке үйреніп қалдық. Жүріп-тұруды меңгердік, ату алаңында болдық. Қолыма автомат алып, нысана көздеген сәтті ешқашан ұмытпаймын.

Ант қабылдау рәсімінен кейін жігіттер қызметтік тапсырмаларды орындау үшін бөліністерге жіберіледі. Яғни, сарбаз ретінде қызмет етіп, өз міндеттерін орындауға кіріседі. Жалпы, жаздың басында Петропавлдағы Ұлттық ұланның 6637 әскери бөлімі 200-ге жуық сарбазбен толығыпты. Олар облыс орталығына 4 өңірден келген екен.

МАҚСАТ МҰҚАЕВ, Ұлттық ұланның 6637 әскери бөлімі командирінің орынбасары:
– 196 сарбаз. Олар Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Алматы облысынан келді.  Біздің әскери бөлім Петропавл қаласында қоғамдық тәртіпті күзету бойынша міндеттерді орындайды.

Тепсе темір үзетін жігіттердің ант қабылдау сәтін олардың жақындары тамашалап тұр. Бұл жандар қаламызға жан-жақтан арнайы келіпті.

блиц,
–  Алматыдан келіп тұрмын. Балам ант қабылдап жатыр. Халқына адал болсын, ел үшін күресіп, әр уақытта қорған болсын.
– Сарбаздар қызметтерін адал атқарып, үйге аман-есен оралсын.


Самал Жунусова