МТРА жаңалықтары

Үкіметте азық-түлік тауарлары бағасын ұстап тұру шаралары талқыланды

 

Қазақстанның Премьер-Министрі Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы кеңес өткізді.

Жиын барысында соңғы айда елде негізгі тағам өнімдерінің бағасы 0,8% өскені атап өтілді. Нақтырақ айтқанда, пияз, қант және күріштің құны біршама артыпты. Ал қырыққабат, сәбіз және картоптың бағасы керісінше төмендеген. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда елімізде сиыр және құс еті, ұн, картоп, күнбағыс майы, тауық жұмыртқасы мен сүтті қоса алғанда, 680 мың тоннадан астам негізгі азық-түлік тауарлары бар. Оның үстіне қазір ішкі нарықты бидаймен, қантпен және тұзбен қажетті көлемде қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылданып жатыр екен.

Әлихан Смайылов, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі
– Ауыл шаруашылығы министрлігі қант саласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдады. Енді оны іске асыру бойынша тиісті өңірлермен бірлесе белсенді іс-қимыл жасау үшін шаралар қабылдау қажет. Сондай-ақ қантты бажсыз әкелуге квоталар бөлінген кезде, олар бұл жұмысты уақытылы орындай алмайтын көптеген ұсақ жеткізушілерге таратылған. Осыған байланысты біз қант жеткізуде белгілі бір проблемалардың бар екенін байқадық. Сондықтан квоталарды бірнеше ірі көтерме жеткізушілер арасында бөлу керек. Олар шағын компанияларға қарағанда қантты төмен бағамен жеткізе алады.


Дана Ешкенова