Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавл қаласының жаңа әкімі тағайындалды

Петропавл қаласының жаңа әкімі тағайындалды.

Бүгін қалалық мәслихатттың кезектен тыс сессиясы өтті. Жиынға өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов қатысты. Шара барысында аймақ басшысы депутаттарға қала әкімі лауазымына Тайынша ауданының бұрынғы әкімі Руслан Аңбаевтың кандидатурасын ұсынды.

 Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі
– Құрметті депутаттар, Президент әкімшілігінің келісімімен Петропавл қаласының әкімі лауазымына Руслан Әкімжанұлы Аңбаевтың кандидатурасын ұсынып отырмыз. Ол Солтүстік Қазақстан облысының тумасы. Жергілікті университеттің түлегі. Заңгер, экономист.

Руслан Әкімжанұлы Аңбаев аққайыңдар өлкесінің Тимирязев ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын осыдан 23 жыл бұрын туған ауданында бастаған. 2015 пен 2019 жылдар аралығында облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары болып қызмет етті. Кейін, Мамлют, Тайынша аудандарын басқарды. Бір сөзбен айтсақ, атқамінердің тәжірбиесі мол. Қалалық мәслихат депутатары бірауыздан Руслан Аңбаевтың кандидатурасын қолдады.

 Руслан Аңбаев, Петропавл қаласының әкімі
– Құрметті Құмар Ақсақалов, құрметті депутаттар, маған сенім артқандарыңыз үшін үлкен алғысымды білдіремін. Барлық мақсаттарды орындау, қаламызды көркейту жолында барымды саламын. Жұдырықтай жұмыла жұмыс істесек, облыс орталығы одан әрі дами түспек.

“Әкім бол, халқыңа жақын бол” демекші, алдымен жаңадан келген атқамінер тұрғындармен кері байланыс орнатып алу қажет. Себебі, петропавлдықтар жаңа басшыға үлкен үміт артып отыр.

Блиц
–  Жол сапасы нашарлау. Көшедегі құдықтардың беті уақытында жабылмайды. Машиналар түсіп кеткен жағдайлар болды. 00:54 Балалар алаңқайын көбейту қажет. Жаңа әкім халықтың кем-кетігін көбірек ойлап, көңіл бөлсін деймін.
–  Бірінші кезекте қаламызды қоқыстан тазарту қажет. Екінші мәселе – жолдардың жағдайы. Жаз уақытында бір емес, бірнеше көше жабық тұр. Бұл өте ыңғайсыз.

Шаһардағы негізгі мәселелер мен халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту жолдары жайлы қалалық активтің отырысында да айтылды. Жиынға облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, жаңа атқамінерге бірқатар тапсырма жүктеді.

 Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі
– Бүгінде “Қапай” мен “Орталық” аудандарында құрылыс жұмыстары бастау алды. Қалада еңкіш тартқан үйлерді сүру ісі қызу жүріп жатыр. Бүгінге дейін 1600-ден астам ескі баспана сүрілді. Олардың орнына тұрғындар жайлы пәтерлер алды. Осылайша петропавлдықтардың тұрмысы жақсаруда. Осыған аса мән беру қажет. Жұмыстар тоқтап қалмауы тиіс. Сондай-ақ, тұрғын үй құрылысы саласына жеке инвесторларды тарту қажет.

Ең өзекті мәселенің тағы бірі – жолдар. Тұрғындар көшелердің сапасына наразы. Соңғы 5 жылда қалаішілік 64 шақырым жол жөнделіпті. “Бұл шаруа мен сапа депутаттардың және қалалық әкімдіктің бақылауында болуы тиіс”-, деді облыс әкімі. Сөз барысында Құмар Ақсақалов жылыту маусымына да тоқталып өтті.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі
– Жылыту маусымы басталмай тұрып үйлердің барлығын тексерістен өткізу қажет. Бұл бағыттағы жұмысты күшейтулеріңіз керек. Қауырт маусымға дейін аз уақыт қалды.

Жиын соңында Құмар Ақсақалов Руслан Аңбаевқа аулалардағы автотұрақтарды, балалар алаңдары мен спорт кешендерін жабдықтауды тапсырды.


Дана Ешкенова