COVID-19: Қазақстан

Соңғы екі аптада 34 мың отандасымыз коронавирус жұқтырған

Соңғы екі аптада 34 мың отандасымыз коронавирус жұқтырған. Індетке шалдығу көрсеткіші бойынша өсім еліміздің барлық облысында байқалады. Бүгінде елордамыз бағалау матрицасы бойынша – сары, ал қалған өңірлер – жасыл аймақта.

АЖАР ҒИНИЯТ, ҚР денсаулық сақтау министрі
– Қазір коронавирус инфекциясының түрі жеңіл түрде өтуде. Қауіпті топқа аурудың қатаң түрімен ауратындар, зейнеткерлер мен жүкті әйелдер, созылмалы аурулары бар, вакцина алмағандар жатады. Аурудан дер кезінде емделмей жатқан науқастар арасында ауру асқынып жатқандығы да байқалады. Науқастардың 94% амбулаториялық жағдайда емделуде. Қазіргі таңда елімізде 5062 төсек-орын бар. 191 инфекциялық арухана коронавирустық инфекция бойынша стационарлық көмек көрсетуде.

Дәрі-дәрмек пен басқа да медициналық заттар жеткілікті. Өңірлерде коронавирустық инфекцияны емдеу үшін дәрілік заттардың 16 атауы бойынша 2 айлық қор қамтамасыз етілген. Жалпы, жыл басынан бері емдеу мекемелерінің қажеттіліктерін жабу үшін ел қазынасына 6 млрд теңге қаржы бағытталған. Біле жүріңіздер, бүгінде жұқпалы ауруға қарсы екпе алу науқаны жалғасуда.

АЖАР ҒИНИЯТ, ҚР денсаулық сақтау министрі
– Эпидемиологиялық тексеру барысында анықталғандай, коронавирус жұқтырғандарыдың 80% – екпе алмағандар. Немесе вакцинаны 6 ай бұрын салдыртқандар. Бұл тағы да инфекцияға қарсы иммундық иммунитет, яғни, вакцинацияның керек екенін дәлелдеп отыр. Бүгінде екпе алуға тиісті егде жастағы адамдардың 80%-дан астамы иммундаудан өтті. Ал вакцинациядан өткен барлық халықтың пайыздық көрсеткіші 56-ны құрап отыр.

Ревакцинациядан өтуге де қарқын қосылған. Бүгінде 5 млн-нан астам отандасымыз қайта иммундалыпты. Орта есеппен тәулігіне 14 мыңнан астам адам егіліп жатыр. Қазіргі уақытта елімізде вакцинаның 3 түрі бар. Олар: отандық “QazVak”, “Sinopharm” және америкалық “Pfizer”. Медициналық мекемелерде 1 млн 200 мың доза қор бар. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, тәж вирусына шалдығатын жандардың 30-40% балалар екен. Осыған байланысты жаңа оқу жылында шектеу шаралары енгізілуі мүмкін.

АЖАР ҒИНИЯТ, ҚР денсаулық сақтау министрі
– Қандай шектеу шаралары енгізілетіндігі еліміздегі эпидахуалға байланысты болады. Біздің ең басты мақсатымыз – балалардың денсаулығы. Бастапқы кезде санитарлық талаптарды жіті тексеріп, күшейтеміз. Ауру өршіген жағдайда көпшілікпен өтетін шараларға тыйым салынады. Бәрі эпидахуал мен өңірлердің қай аймақта тұрғанына байланысты болады.

Енді әлемдегі статистикамен бөлісейік, соңғы аптада коронавирустың таралуы бойынша 69 елде өсім байқалады. Көршілес Ресейде вирус жұқтыру деңгейі 68%, Венгрияда 40%, ал Грузияда 20% артқан.

Алдияр Айтпаев