Ауа райы

Тамыз айына арналған ауа райы болжамы

Көзді ашып-жұмғанша тамызда келіп жетті. Жаздың соңғы айында ауа-райы қалай болады? Бұл сұрақты жергілікті «Қазгидромет» өкілдеріне қойдық. Сала өкілдерінің сөзінше, алғашқы онкүндіктің басында қалыпты температура сақталады. Ал екінші жартысында бірнеше градусқа көтерілмек.

ГҮЛЗАТ ҒАЗИЗОВА, «Қазгидромет» РМК СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:
–  Екінші онкүндіктің басында ауа температурасы түнде 10-15 градус жылыға, күндіз 22-27 градус жылыға дейін төмендеуі күтіледі. Кейін ауа температурасы түнде 15-20 градус жылыға, күндіз 27-32 градус жылыға дейін жоғарылауы болжануда.

“Үшінші онкүндіктің басында ауа райы құбылады”,- дейді мамандар. Яғни, бірнеше күн температура төмен болса, артынша сынап бағанасы 30-ға дейін көтеріледі. Дегенмен, көп ұзамай қайта түседі. Күздің ауылы алыс емес.

ГҮЛЗАТ ҒАЗИЗОВА, «Қазгидромет» РМК СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:
– Онкүндіктің екінші жартысында ауа температурасы түнде 2-7 градус жылыға, күндіз 17-22 градус жылыға дейін төмендейді. Жауын-шашынның айлық мөлшері норма шамасында болады.

Енді тарихи дерекпен бөлісейік. Сонау 52-ші жылдың 26-шы тамызында өңірімізде жаздың соңғы айындағы ең жоғары температура тіркеліпті. Сынап бағанасы 39-ға жақындаған екен. Ал ең төмен көрсеткіш – минус 0,5 градус. Ол 71-ші жылы тіркелген.

Байболат Култанов