Экология

Өңірде экологиялық 4 проблема бар

Облыста 4 бірдей экологиялық проблема бар. Бүгін оларды шешу жолдары Петропавлда арнайы ұйымдастырылған дөңгелек үстел барысында талқыланды.

Өлкедегі басты мәселенің бірі – атмосфералық ауаның күкіртсутегімен ластануы. Осы күні өңірімізде ауаға зиянды қалдықтар тарататын 52 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Соның ең ірілері – “Севказэнерго” мен “Қызылжар су” серіктестіктері. Мысалы, алғаш аталған мекеме қалдықтардың бақандай 50 пайызын таратады екен. Түйткілді біржақты ету мақсатында биыл біраз шаруа атқарылған көрінеді.

НИКОЛАЙ МАКСИМОВ, “Севказэнерго” АҚ қоршаған ортаны қорғау басқармасының бастығы
– Ағымдағы жылдың қаңтар мен наурыз айлары аралығында 2-ЖЭО 9-шы агрегат күрделі жөндеуден өтті. Бұл жұмыстың арқасында апаттық жайттардың саны азайды. Ал көмір тұтынудың төмендеуі 3,8 тоннаны құрады. Тиісінше қоршаған ортаға бөлінетін зиянды заттардың көлемі де төмендеді. Қазіргі таңда станциядағы 4-ші, 5-ші, 6-шы, 7-ші және 12-ші қазандықтар жаңғыртудан өтуде.

Ал сумен қамтушы кәсіпорынға тиесілі биотоғанда өткен жылы қоршаған ортаға улы газ таралуының 7 фактісі тіркелген. Экологиялық мәселені біржақты ету мақсатында «Қызылжар су» серіктестігі өз қаражатына хлорелла өсіріп, су торабына жіберген. Мамандардың айтуынша, бұл өсімдік көмірқышқыл газын оттегіне айналдырып, биотоғанның табиғи түрде тазаруына септеседі.

 ЕРБОЛ НӘБИЕВ, «Қызылжар су» ЖШС бас инженерінің орынбасары:
– Өткен жылы биотоғанға 9 мың литр микробалдырлар концентраты жіберілді. Сондай-ақ, 4 млн литр микробалдырлар суспензиясы құйылды. Ал ағымдағы жылдың басында 19 мың 500 литр хлорелла жібердік. Шілде айының соңында бұл көрсеткіш 2 млн литрге жетті.

Бір сөзбен айтсақ, ауқымды шаруа атқарылды. Келесі мәселе – қоқыс полигондары. Экология департаментінің басшысы Азамат Бектасовтың айтуынша, өңірдегі заңды деп саналатын 15 үйінді 80 пайызға толып тұр. Демек, көп ұзамай қалдықтарды тастайтын орын қалмайды.

АЗАМАТ БЕКТАСОВ, СҚО бойынша экология департаментінің басшысы:
– Біздің облысымызда 454 қоқыс үйіндісі бар. Оның 15-інің ғана рұқсат қағаздары рәсімделген. Биыл облыста тағы 80 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталды. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдармен осы үйінділердің 60 пайызы жойылды.

Қазіргі таңда бейінді сала өкілдері заңсыз қоқыс полигондарын жойып, орнына құжат жүзінде бекітілген жаңаларын құруды қарастырып жатыр екен. Жоспар жүзеге асса, 9 ауданда тұрмыстық қалдықтар тасталатын орындар пайда болады.

АЗАМАТ БЕКТАСОВ, СҚО бойынша экология департаментінің басшысы:
– 9 ауданда қоқыс полигондарын салу жоспарлануда. Бұл жоба 2023 жылға дейін орындалмақ. Қажетті сметалық-құжаттар дайын. Қазіргі таңда сараптамадан өтуде. Келесі бағыт – шаруаға қаржы бөлу.

Өңірдегі негізгі экологиялық проблемалардың үшіншісі – пайдаланылған уран кен орындарының жабылмауы. Ал төртіншісі – кәріз желілерінің тозуы. Бейінді басқарма басшысының сөзінше, аталған мәселелер 2020-2025 жылдарға арналған жол картасына енгізілген. Демек, түйткілдер біртіндеп шешімін табады.

Дана Ешкенова