МТРА жаңалықтары

Қызылжар өңірінде қарбыз өседі

Қызылжар өңірінде қарбыз өсіруге болады. Мұны Есіл ауданының тұрғыны Николай Малвенов бірнеше жылдан бері дәлелдеп келеді. Талайды таңқалдырған бағбанның бақшасында биыл да өнім мол. Айта кетерлігі, жемістің сұрпы жыл санап көбеюде.

НИКОЛАЙ МАЛВЕНОВ, Корнеевка ауылының тұрғыны, Есіл ауданы
– Қарбыз өсірумен айналысып жүргеніме 6-7 жылдың жүзі болды. Алғашқы 3-4 жылда қателіктерге жол беріп, ойдағыдай өнім ала алмадым. Дегенмен, бұл мені шыңдады. Уақыт өте келе тәжірибем толығып, бақшамдағы өнім молайды. Қазір әрқайсысы 12-16 келі болатын жеміс жинаймын. Негізі, қарбыз өсіруді бала кезден жоспарлаған едім.

Мол өнім алу үшін бағбан тұқымға аса мән беріпті. Бірнеше жылдың ішінде бақшасына 100-ге тарта жеміс түрін еккен екен. Арасынан өңір климатына қолайлы, өнімділігі жоғарыларын таңдап алыпты. Олар – голландиялық 6 сұрып. Қазір солар термос технологиясы бойынша өсіп жатыр.

НИКОЛАЙ МАЛВЕНОВ, Корнеевка ауылының тұрғыны, Есіл ауданы
– Тұқымды бірден екпейміз. Сәуір айында оны жылыжайда немесе үйдің ішінде 1 ай бойы күтіп-баптаймыз. Содан кейін мамырда бақшаға егеміз. Осы орайда термос технологиясына тоқтала кетейін. Алдымен жерге арнайы жабынды төселеді. Кейін тесіктер жасалып,
көшеттер отырғызылады. Оның үсті 2 жабындымен жабылады. Бұл – қарбыз өсірудегі қымбат әдіс-тәсілдердің бірі.

Өскен қарбыздар аса күтімді қажет етпейді. Қызу жұмыс жемістерді жинар кезде, яғни қыркүйекте басталады. Азаматқа бау-бақшадағы шаруаға жары мен балалары көмектеседі екен.

Қызылжар қарбызы өсіп жатқан жер 12 сотықты құрайды. Өткен жылы бұл аумақтан 8 тонна өнім жиналыпты. Биыл 10 тонна жеміс жинау көзделіп отыр.

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші
– Бақшадағы қарбыздар бір-бірінен көлемі бойынша ерекшеленбейді. Бар ерекшелік ішінде. Жемістерді қаққа бөлер болсақ, түрлі түстерді көреміз. Міне, қараңыздар! Ал мына қатардағы қарбыздар сүйектің жоқтығымен ерекшеленеді.

Қарбыздар жергілікті тұрғындарға және дүкен сөрелерінде саудаланады. Сондай-ақ, облыс орталығының кей сауда нүктелерінде сатылады. Азамат биыл қарбызбен қоса алғаш рет қауынның бірнеше түрін еккенін айта кеткен жөн. Әзірге өнім жиналмапты. Алдағы уақытта жемістің бұл түрі де өңірімізде молынан өсіріліп жатса, таң қалмаңыз!

Алдияр Айтпаев