МТРА жаңалықтары

Кәсіпкерлер жер мәселесіне тап болды

Жергілікті билік өкілдері Президенттің «пайдаланылмай жатқан алқаптарды қайтарыңдар» деген тапсырмасын дұрыс түсінбеген секілді. Неге десеңіздер, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы прокуратурамен бірлесіп, кәсіпкерлердің танаптарын тартып алуға кірісіпті. Бос жатса бір сәрі, шаш ал десе бас алатын шенеуніктер пайдаланылып жатқан аумақтарды қайтарып алмақшы екен. Осындай мәселеге тап болған іскер жандар кәсіпкерлер палатасына жүгініп отыр.

Альфия Күлжабаева, «Атабай» ШҚ өкілі, М.Жұмабаев ауданы:
– Біз 2014 жылы бірнеше мемлекеттік бағдарлама бойынша 485 гектар жер алдық. Қазір сол аумақта төрт түлік жайып отырмыз. 500-ге жуық ірілі-ұсақты мал бар. Енді жергілікті билік өкілдері сол жерді бізден алып, ауыл тұрғындарына бермекші. Сөздерінше, азаматтарға мал бағатын жер жетпей жатыр екен. Мәселенің басын ашып алу қажет. Ауылдың табыны онсыз да біздің төңіректе емін-еркін жайылып жүр. Сонда халыққа аумақ не үшін қажет?

Бір қызығы, Альфия Күлжабаева келген Екатериновка ауылында 5-ақ үй бар екен. Халықтағы қара малдың жалпы саны небәрі 25 басты құрайды. Дәл осындай жағдайға Ғабит Мүсірепов ауданының кәсіпкері Денис Посовец те тап болып отыр.

Денис Посовец, «Возвышенка-СК» ЖШС директорының орынбасары, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– Біздің серіктестік 2001 жылдан бері егін егумен айналысады. 2012-де мал шаруашылығын да қолға алдық. Қазір иелегімізде 1500 ірі қара бар. Биыл 1800 басқа шақталған тауарлы-сүт ферманы ашпақшымыз. Төртаяқтыларға өте көп мөлшерде жем-азық әзірлеу керек. Егер билік біз иелік ететін 20 мың гектар жердің 650 гектарға жуығын алатын болса, басқа ауылдардан жер іздеуге тура келеді.

Жалпы, өңірімізде жерді қайтару жөнінде 16 кәсіпкерге соттан шақырту қағазы келген. Мәселенің мән-жайын аудандағы билік өкілдері былай түсіндіріпті: кезінде танаптар арнайы конкурс арқылы емес, әкімдіктің шешімі бойынша берілген. Яғни, дұрыс бөлінбеген. Сондықтан алқаптарды қайта қажет. Іскер жандарды толғандырған мәселе бүгін кәсіпкерлер палатасында қаралып отыр.

Елена Пригоженко, облыстық кәсіпкерлер палатасының заң жөніндегі кеңесшісі:
– Арнайы орган өкілдері 10 жылдан бері осы жүйе арқылы кәсіпкерлерге шабындық пен жайылым жерді үлестіріп келген. Заңбұзушылық неге биыл ғана анықталып отыр? Шенеуніктердің қателігі салдарынан кәсіпкерлер қиналмауы тиіс. Бұл түйткілді конкурс ұйымдастырмаған, жерді дұрыс бөле алмаған адамдар шешулері қажет.

Өзекті проблема кәсіпкерлер палатасында ұзақ талқыланды. Жиынға қатысқан заңгерлер мен адвокаттардың бәрі ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бұл әрекетін ақылға қонымсыз деп санайды. Басқосу соңында мамандар іскер жандар мен тұрғындар «Малдарды бірге жаю» меморандумын жасассын деген ұсыныс білдірді. Мәселенің қалай шешілетіні уақыттың еншісінде.

Бердимурат Баймухан