Денсаулық сақтау

Дәрі-дәрмек бағасын тұрақтандыру қорымен тек 2 дәріхана келісім жасасқан

Дәрі-дәрмек бағасын тұрақтандыру қорымен шаһардағы тек 2 дәріхана келісім жасасқан.

Елде коронавирус белең алған шақта препараттардың құны бір емес, бірнеше есеге шарықтады. Сонда Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасы бойынша әр өңірде тұрақтандыру қорлары құрылды. Бастапқы кезеңде Петропавлдағы 11 дәріхана қормен бірлесе жұмыс істеу жөніндегі келісімге қол қойыпты. Мұның нәтижесінде сауда нүктелерінде тапшылық жойылған және тұмауға, тәж вирусына қарсы өнімдердің бағасы 20 пайызға дейін арзандаған екен. Ал індеттің беті бері қарағасын басым көпшілігі байланысты тоқтатқан.

Мұрат Жәкенов, «NordFarmMarket» ЖШС директоры:
– Бүгінде Петропавлда 2 дәріхана ғана тұрақтандыру қорымен жұмыс істейді. Оларда парацетамол, цитрамон, тайлол, ситабелдің және түрлі сироптардың құны өзгелерден 20 пайызға төмен. Мысалы, тұрақтандыру қорынан жеткізілетін парацетамол 65 теңге тұрады. Ал өзге нүктелерде ол 100 теңгеден сатылады.

Тұрақтандыру қорымен жұмыс істейтін 2 дәріхананың бірі Тоқсан би, 37 мекен жайы бойынша орналасқан. Мұнда төмен бағадағы вирусқа қарсы, антибактериалды және дене қызуын түсіретін дәрі-дәрмектерді кездестіруге болады.

 Алма Закирьянова, фармацевт:
– Біздің дәріхана 2020 жылдың соңында бағаны тұрақтандыру қорымен әріптестік орнатты. Содан бері келушілердің саны артты. Клиенттеріміз ризашылықтарын білдіріп жатады. Себебі, басқа дәріханаларға қарағанда бізде баға төмен.

Ал өңірдегі 13 ауданның ішінде тек 1 дәріхана дәрі-дәрмек бағасын тұрақтандыру қорымен жұмыс істейді екен. Ол дәріхана Аққайың ауданында орналасқан.

Дана Ешкенова