МТРА жаңалықтары

СҚО-да құрылыс материалдарын шығаратын зауыттар ашылуы мүмкін

Бүгін аймаққа Түмен облысынан арнайы делегация келді. Атамекен кәсіпкерлер палатасында өткен жиында қос тарап шекарааралық ынтымақтастық жөнінде бірнеше сала бойынша келіссөз жүргізді. Қонақтардың қатарында көрші өңірдің 13 ірі компания өкілдері бар. Олар құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және машина жасау саласында жұмыс істейді.

ЮЛИЯ ШАКУРСКАЯ, Түмен облыстық сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті, РФ:
– Біз осыдан 4-5 ай бұрын Түменде қазақстандық делегацияны қабылдаған болатынбыз. Кездесуден соң біздің кәсіпкерлер Солтүстік Қазақстанға тауар экспорттау бойынша келісімшарт жасасты. Қазақстан – біздің ең басты стратегиялық серіктесіміз. Осы орайда ынтымақтастығымызды ары қарай да дамыта бергіміз келеді.

Жалпы, жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысының Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен сыртқы сауда айналымы 0,7 пайызға өсіпті. Ал Ресеймен алыс-берісіміз шамамен 100 пайызға, яғни 24 млрд рубльге дейін жеткен екен. Бұл көрсеткіш әлі де артпақ. Бәрімізге белгілі бүгінде аймақта көпқабатты үйлер көптеп салынуда. Осы орайда алдағы уақытта өңірде ресейлік құрылыс материалдарын шығаратын зауыттар ашылуы мүмкін.

Әлібек Ашметов, СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры:
– Солтүстік Қазақстан облысында құрылыс материалдары тапшы. Әсіресе, күйдірілген кірпіш. Жақында өңірімізде қыш шығаратын үлкен зауыт ашылды. Бірақ, сонда да оның қуаттылығы аймақты 100 пайыз қамтуға жетпейді. Сол себепті, ресейлік кәсіпкерлерді осында шақыруға болады. Олар өз компанияларын ашса да жұмысқа жергілікті тұрғындарды қабылдайды және үкіметке салық төлейді.

Шара барысында қос тарап екі өңір арасындағы сауда-экономикалық әріптестік жөнінде кеңінен сөз қозғады. Сондай-ақ, кәсіпкерлер палатасы мен Түмен облыстық сауда-өнеркәсіп палатасы арасында екі жақты меморандумға қол қойылды.

Бердимурат Баймухан