Денсаулық сақтау

Жаз мезгілінде жедел жәрдем шақырту жиілеген



Петропавлда жаз мезгілінде жедел жәрдем шақырту жиілеген.

Ауа райының құбылуы адам денсаулығына айтарлықтай әсер етуде. Әсіресе, биылғы жазда. 2 күн бойы қапырық тұрса, 3-ші күн күрт суытып кетуі мүмкін. Осындай ауа райында ересек адамдардың қан қысымы көтеріледі, инсульт пен инфаркт жиілейді. Осыдан жедел жәрдемге жүгінетіндердің саны да айтарлықтай артады.

Әлібек Төлеу, облыстық жедел медициналық көмек орталығының фельдшері:
– Жаз айларында қан қысымы жүйесінің аурулары көбейеді. Шамамен 30 пайызға. Оған инсульт, инфаркт және қан қысымының көтелуі жатады. Осы аурулармен көбіне 50 жастан асқандар ауырады.

Қан тамырының қысымы – ең көп тараған сырқаттың бірі. Өкінішке қарай, өңірде бұл дертке шалдығу жағдайлары жылдан-жылға көбейіп барады. Медициналық статистика бойынша облыста әр оныншы адам қан тамыры қысымымен ауырады. Бұған тіпті жедел жәрдем шақыртулары да дәлел. Мысалы, бір ауысымда облыстық жедел медициналық көмек орталығының әр бригадасы 20-25 шақыртуға барады. Оның жартысынан астамы жүрек пен қан тамыр ауруына қатысты.

Кристина Виль, облыстық жедел медициналық көмек орталығының фельдшері:
–  Қазіргі кезде гипертония ауруына шалдыққандардың саны өте көп. Тұрғындардың басым бөлігінің артериялық қысымы көтеріліп кетеді. Бізді шақыртқан адамның әуелі қан қысымын өлшейміз, кейін қажетті дәрі береміз немесе екпе саламыз. Қан қысымы қалпына келмесе, амбулаториялық ем ұсынамыз.

Жалпы, гипертония дертіне шалдыққандар терапевт тағайындаған препараттарды тұрақты түрде қолдануы керек дейді мамандар. Суды молынан ішіп, күн қатты ысыған кезде серуенге шықпаған абзал.

Юрий Белоног, облыстық жедел медициналық көмек орталығының директоры:
–  Гипертония ауруына шалдыққандарға қапырық кезде далаға шықпау қажет. Себебі, күн ыстықта тамыр ішіндегі май қалыңдап, қан айналымы жүйесі бұзылады. Салдарынан жүрекке жүктеме артады. Бұл тромбозға әкеп соқтыруы мүмкін.

Жалпы, бүгінде облыстық жедел медициналық көмек орталығында 16 бригада жұмыс істейді. Қала бойынша күніне 200 шақыртуға дейін барады екен. Ал облыс бойынша 1 тәулікте көрсеткіш 500-ге дейін жетеді.


Дана Ешкенова