Петропавлда сенбі күні жазғы биатлоннан ел чемпионатының ашылуы өтті. Жарыс басталмай тұрып спортшылар денелерін қыздырып, жаттығу жасап жатыр.
Күн желдеу, бірақ бұл жарыс жолында өзіңді көрсетуге кедергі емес дейді қатысушылар. Ілияс Хасенов Ақтөбе облысынан келіп отыр. Биатлоншы бүгін 6 шақырымға жүгіреді. Жай ғана жүгіріп қоймай мергендігі де сыналады. Бұл – Ілиястың чемпионат атаулыға үшінші рет қатысуы.
ІЛИЯС ХАСЕНОВ – жарысқа қатысушы, Ақтөбе облысы
– Круг жүгіреміз, келіп 5 патрон атамыз – бәрін жабу керек. Рубежге келгенде ақырын тоқтаймыз пульс жақсы болу үшін.
Көп кешікпей жарыс басталып кетті. Сайдың тасындай іріктелген биатлоншылар 6 шақырымға жүгіріп болысымен нысана көздейді. Спортшылардың басым көпшілігінің атқан оғы 50 метр жерден мүлт кетіп жатты. Екі мүмкіндікте де нысананы көздей алмаған биатлоншыға қосымша 45 секунд уақыт беріледі.
ЛЕВ САКОВИЧ – жарыстың бас төрешісі
– Әр командада 5 адамнан. Бүгінгі жарысқа 55 ұл бала, 33 қыз бала қатысып жатыр. Келесі кезең – спринт. Онда спортшылар 2 шақырымға жүгіргеннен кейін нысананы жатып атады. Тағы бір рет осынша шақырымды еңсеріп болған соң тік тұрып атады. Мүлт кеткен спортшы қосымша 75 метрге жүгіреді.
Соңында құралайды көзге ататын мерген әрі жүгіруде аса шапшаңдық танытқан спортшылар жарыстың жеңімпазы атанбақ. Петропавлда ұйымдастырылған ел біріншілігіне спортшылар 9 облыстан келіп қатысты. Тіпті, сонау Моңғолиядан келгендер де бар.
Гульден Симбаева