МТРА жаңалықтары

Көліктік бақылау инспекциясында 3-ші жемқорлық фактісі тіркелді

 

Тағы да бармақ басты, көз қыстылық әрекеті әшкереленді. СҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясында осымен 3-ші жыл қатарынан жемқорлық фактісі орын алды. Естеріңізге сала кетсек, өткен 2 жыл бойы аталған мекеме қызметкерлері бірнеше кәсіпкердің облыс аумағында кедергісіз жүріп-тұрулары үшін пара алып ұсталған елі. Ал биыл, сәуірдің 8-і күні инспекцияның қос маманы осыған ұқсас қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін, яғни 100 мың теңге көлемінде пара алып, 6 жылға бас бостандығынан айырылыпты.

НҰРЛАН ЖАХИН, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:
– Мұның салдарынан инспекцияның басшысы мен бөлім басшысы жауапкершілікке тартылды. Оларға сөгіс жарияладық.

Бүгін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің мамандары аталған инспекция қызметкерлерімен кездесіп, пара алудың салдары неге әкеп соқтыратынын түсіндірді. Шара барысында Нұрлан Жахин жиналғандарға жемқорлыққа қарсы қолға алынып жатқан жұмыстарды баяндады.

НҰРЛАН ЖАХИН, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:
– Бұрын пара алған мамандар қылмысының ауырлығына қарай бірнеше жылға ғана мемлекеттік қызметтен шеттетілетін. Ал қазір заң қатаңдатылды. Енді теріс жолға барғандар өмір бақи мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылады.

Сонымен қатар, пара алған қызметкері үшін мекеме басшылары да жауапқа тартылады. Мәселен облыс, қала әкімі мен олардың орынбасарлары отставкаға жіберіледі. Ал инспекция басшылары болса тәртіптік түрде жазаланады. Егер қол астындағылары арасында парақорлық жайттары қайталана берсе, олар да жұмысынан босатылады. Жиын барысында облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Руслан Сейталин мекемедегі бармақ басты, көз қыстылықтың алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстарды баяндады.

РУСЛАН СЕЙТАЛИН, СҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы:
–  Жемқорлықтың алдын алу үшін жұмысымызды автоматтандырып жатырмыз. Қазіргі күні инспекция мамандары құжатты планшеттің көмегімен электронды түрде толтырады. Басқа да атқарылып жатқан жұмыстар көп.

Сонымен қатар, қызметкерлердің жалақысын көтеріп жатырмыз дейді Руслан Сейталин. Одан бөлек, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында жолдағы қызметкерлер жұмыс кезінде бейнежетонмен жүреді екен.


Бердимурат Баймухан