МТРА жаңалықтары

Жолдағы макеттер ЖКО-лардың санын азайтуға септескен

Бір қуантарлық жайт, қазіргі күні облыста жануарлардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының саны азайыпты. Естеріңізге сала кетейік, соңғы 2 жыл ішінде жергілікті полицейлер өңір трассаларының бойына 64 макет орнатты. Олардың 40 шақтысы – жануар пішініндегі макеттер. Қолға алынған шаруа бүгінде өз нәтижесін берген.

Данияр Сәрсекеев, СҚО ПД ППБ аға инспекторы:
– Былтырғыға қарағанда жануарлардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары 2 есеге азайды. Мәселен, жыл басынан бері облыста 5 факті тіркелсе, өткен жылдың сәйкес мерзімінде 12 жайт орын алды.

Үй жануарларының макеті көбінесе ауыл-аймақтың маңына орнатылады екен. Себебі, трассаға жақын орналасқан елді мекендерде қараусыз қалған төрт түлік жол бойына шығып кетіп, жиі апат орын алады. Осы орайда тәртіп сақшылары жүргізушілерге сақ болуды ескертеді.

Данияр Сәрсекеев, СҚО ПД ППБ аға инспекторы:
– Жүргізушілерге өздері мен жақындары үшін жауапты болсын дегім келеді. Рөлде отырған адам жылдамдықты шамадан тыс асырмай, жолға мұқият болса ешқандай апат орын алмайды.

Ауылдағы ағайынның құлағына да алтыннан сырға. Төрт түлігін қараусыз жіберетін жандар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 9 мың теңге көлемінде айыппұл арқалайды дейді полицейлер.

Бердимурат Баймухан