COVID-19: Қазақстан

Ағымдағы эпидемиологиялық жағдай туралы

 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша соңғы аптада Еуропа, Шығыс Жерорта теңізі мен Африка өңірлерін санамағанда әлемнің қалған елдерінде коронавируспен сырқаттану деңгейі 30 пайызға дейін өсті. Бұл жайында бүгін орталық коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова мәлімдеді.

АЙЖАН ЕСМАҒАМБЕТОВА, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі:
– Соңғы аптада әлемнің 92 елінде сырқаттанудың өсуі байқалады. Оның ішінде Әзірбайжанда соңғы аптада сырқаттану 115 пайызға, Жапонияда 70 пайызға, Польшада 63 пайызға, Ресейде 49 пайызға, Қытайда 36 пайызға өскен. КОВИД-19-дың «омикрон» штамы барлық әлемдегі негізгі вирус болып өршуді жалғастыруда. Оның үлесі зерттелген үлгілерінің 95 пайызын құрайды.

Соңғы айда әлемде “омикрон” штамының арасында вирустың БА-5 пен БА-4 түрінің үлесі артуда. Соның ішінде вирустың БА-5 түрі 100 елде анықталды. Оның таралуы вирустың өзге түрлерімен салыстырғанда 54 пайызға дейін өскен көрінеді.

АЙЖАН ЕСМАҒАМБЕТОВА, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі:
– Сонымен қатар, қазір әлемде омикронның жаңа нұсқасы шығып отыр. Ол – ВА-2/75 омикронның «кентавр» деген штамы. Осы штамм 15 елде анықталды және ол барлық зерттелген үлгілердің 0,05 пайызын құрайды. Әзірге, басқа нұсқаларымен салыстырғанда осы мутация дәрежесі туралы, аурудың таралуы мен ауырғанға әсер ететіні туралы дәлел жоқ. Зерттеу жалғасуда.

Қазақстандықтар арасында да 20-шы маусымнан бері коронавируспен сырқаттану жайттары жиілеген. Қазіргі күні өткен аптаға қарағанда вирус жұқтыру деңгейі 1,9 есеге өсіпті.

АЙЖАН ЕСМАҒАМБЕТОВА, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі:
– Тәулігіне коронавирустың расталған саны 2700 жағдайға дейін, ал коронавирустың расталмаған саны 20 жағдайға дейін тіркелуде. Шілде айында КВИ-мен ауырған 3 науқас қайтыс болды. Соңғы аптада ауырған адамдардың 70 пайызы 3 аймақта тіркеліп отыр. Олар: Алматы, Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды облысы.

Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетованың сөзінше бүгінгі күні ел бойынша 180 инфекциялық ауруханада науқастарға стационарлық көмек көрсетіліп жатыр. Қазіргі уақытта 1342 адам емдеуге жатқызылған. Осы орайда ақхалаттылар вирус жұқтырған жандар арасында талдау жүргізіп, мынадай нәтижеге көз жеткізіпті.

АЙЖАН ЕСМАҒАМБЕТОВА, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі:
–  Пациенттердің ішінде 18 жасқа дейінгі балалардың саны 36 пайызды құрайды. Қосымша ауруы барлардың саны 52 пайызды құрайды.

Қауіпті дерттен сақтану үшін мамандар ел тұрғындарын салауатты өмір салтын сақтап, жеке бастың тазалығына аса мән беру қажет дейді. Сондай-ақ, қолды дұрыстап жумай тұрып оны бет-ауызға тигізуге болмайды. Вакцинациядан өтуді де ұмытпау қажет.


Бердимурат Баймухан