МТРА жаңалықтары

Ұлт денсаулығы – ел байлығы

 

Соңғы бірнеше жылда облысымызда жастардың салауатты өмір салтын сақтауына көп көңіл бөлініп келеді. Әсіресе, ауылдық жердерде. Өңірдегі аудандардың әрқайсысында дерлік заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешендері бар. Сонымен қатар, ашық аспан астындағы футбол, баскетбол мен жаттығу алаңдары да тұрғызылып жатыр. Осындай су жаңа алаң жақында Қызылжар ауданына қарасты Белое аулында ашылды.

Ауылдағы балалардың қуанышында шек жоқ. Жасанды жұмсақ газонның үстінде алғаш рет доп теуіп тұрмыз дейді.

БЛИЦ:
– Бұрын біз құмда немесе топырақ үстінде футбол ойнайтынбыз. Одан киіміміз тез шаң болып қалады, ал мына жер тап-таза.
– Мен қаладан атам мен әжемнің үйіне қонаққа келдім. Ауылдағы достарыма арналып осындай әдемі алаңның ашылғанына қуаныштымын.

Футбол алаңынан бөлек бұл маңда балаларға арналған ойын алаңы да салынған. Оған жаттығу құралдары орнатылған. Жаңа орынның ашылғанына ата-аналар қауымы разылығын білдіруде. Себебі, балалар көшеде ойнап жүріп құлап немесе басқа да жарақат алып қалады деп уайымдамайды. Енді тұрғындардың ұл-қыздары мен немерелері бос уақытын осында бір жерде өткізеді.

АНИСЯ МҰСТАҚЫМҚЫЗЫ, Белое ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Ашық аспан астындағы алаң ашылғанына қуаныштымыз. Балалар енді көшеде ойнамайды. Өзіміз де осында келіп балалардың ойынын қызықтап қараймыз.

Дәл осындай алаң Бәйтерек ауылында да салынып жатыр. Іске жауапты мердігер – «STRONG SERVICE» серіктестігі. Аталған компания өкілдері аудандағы көптеген спорт алаңын тұрғызған. Алдағы уақытта мұндай жобаны Прибрежное ауылында жүзеге асырмақ.

МАРЛАН ТАМАНОВ, «STRONG SERVICE» ЖШС өкілі:
– Бұл учаскеде балаларға арналған спорттық тренажерлер орнатылып, футбол алаңы салынып жатыр.

Жұмыстың басталғанына шамамен 1,5 айдай уақыт өтіпті. Ресейден тауар уақытылы келмегендіктен шаруа тұралап қалған көрінеді. Қазір енді жобаның орташа есеппен 80 пайызы дайын. Нысан жақында тапсырылады. Айта кеткен жөн, әр футбол алаңын орнатуға аудандық бюджеттен шамамен 15 млн теңге қаржы бөлінген. Жергілікті билік бұл жобаны Соколовка ауылында да жүзеге асырмақшы. Сонда биыл Қызылжар ауданында жалпы есеппен 4 алаң халық игілігіне беріледі.


Бердимурат Баймухан