Спорт

Париждегі Олимпиадаға дайындық

 

Париждегі Олимпиадаға дәлме-дәл 2 жыл уақыт қалды. Қазіргі таңда 4 құрлықтың басты бәсекесіне қызу дайындық жүріп жатыр. Осыдан 2 апта бұрын елордада Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен отырыс өтті. Жиында жаһандық жарысқа дайындық жайы мен спортшылар мен бапкерлерге қандай жағдай жасалатындығы жайлы айтылды.


ДӘУРЕН АБАЕВ, ҚР Мәдениет және спорт министрі
– Париждегі Олимпиада ойындарының нәтижесі кәсіби дайындығымыздың көрсеткіші болмақ. Оған федерация басшылары, жаттықтырушылар, бапкерлер, тиісті сала мамандары және мен – барлығымыз жеке-жеке жауаптымыз.

Министр спортшыларды даярлау жүйесіндегі түйткілді мәселелер бар екендігін айтып, оларды шешу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Биыл еліміз бойынша 10 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланып отыр екен. Оның 4-еуі СҚО-да орын теппек.

СЕРГЕЙ МЕЛЕХОВ, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы
– Спорттық нысандар Ғ.Мүсірепов, Есіл, Жамбыл, Айыртау аудандарында салынуда. Сондай-ақ, биыл Тайынша мен Айыртау аудандарында жабық мұз айдынын салу жоспарда бар. Қазіргі таңда қаламызда облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі үшін 244 орынға шақталған жатақхана тұрғызылып жатыр.

Алқалы жиында Дәурен Абаев спорт төрешілерін де қуантып қойды. 2024 жылға дейін мамандардың жұмысына ақы төлеу кезең-кезеңімен 100%-ға дейін артады. Сондай-ақ, Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада чемпиондары мен жүлдегерлерін дайындаған бапкерлерді де өмір бойы ай сайынғы материалдық қамтамасыз ету мөлшері 24 АЕК-тен 100-ге дейін ұлғайтылды. Енді олимпиада ойындарына баратын спортшыларға тоқталайық. Әзірге, байрақты бәсекеге облысымыздан кімдердің баратындығы белгісіз. Бірақ, қай спорт түрі бойынша лицензия бұйыруы мүмкін екендігі болжанып отыр.

СЕРГЕЙ МЕЛЕХОВ, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы
– Велоспорт, еркін күрес, грек-рим күресі мен жеңіл атлетика. Бұл спорт түрлері өңірде жақсы дамып келеді. Ел намысын абыроймен қорғайтын мықты спортшыларымыз да бар. Бәрі уақыттың еншісінде. Олимпиадаға кімнің баратынын алдағы уақытта біле жатармыз.

Айта кетейік, 2024-те Парижде өтетін төртжылдықтың басты бәсекесі шілденің 26-сы мен тамыздың 11-і аралығында жалауын желбіретеді.


Алдияр Айтпаев