МТРА жаңалықтары

Қызылжар ауданында заманауи көкөніс қоймасы салынып жатыр

Қазіргі қымбатшылық заманда басты мәселелердің бірі – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Әлемде орын алып жатқан өзгерістер мен дағдарысқа қарсы тұру үшін ең алдымен өзіміздің және импорттан келіп жатқан азық-түлікті дұрыс сақтай білу қажет. Бүгінде мұны кәсіпкерлер жақсы түсінген сияқты. Себебі, облысымызда уақыт өте келе көкөніс қоймаларының саны артуда. Солардың бірі Қызылжар ауданындағы Архангельское ауылында салынып жатыр.

МАКСИМ ИВАНОВ, «Елім-Қызыл Жар» ЖШС коммерциялық директоры:
– Биыл біз 2-ші көкөніс қоймасын салып жатырмыз. Сыйымдылығы 3 мың тоннаға арналған нысанның ішінде картоп сақталады. Біз Петропавлдағы бірнеше ірі сауда дүкені мен базарларды 10 ай бойы азық-түлікпен қамтамасыз етеміз. Сұраныс жыл сайын артып келеді. Сол себепті, тағы бір нысан салуды жөн көрдік.

Солтүстікқазақстандық кәсіпкер Ақмола, Қостанай мен Ақтөбе облыстарына да көкөніс жөнелтеді. Тауарға сұраныс жоғары болғандықтан, өндіріс аясын да кеңейткенді жөн көріпті. «Елім-Қызыл Жар» серіктестігінің өкілдері өздері де көкөніс егумен айналысады. Сондай-ақ, аудандағы басқа шаруалардан да азық-түлік әкеліп сақтайды. Қазіргі күні мұнда 5 мың 200 тоннаға арналған тағы 3 қойма бар. Олардың 1-еуі заманауи. Мамандардың сөзінше мұндағы жұмыстың көбісі автоматтандырылған. Компьютердің көмегімен тиісті тапсырма берсе болғаны.

МАКСИМ ИВАНОВ, «Елім-Қызыл Жар» ЖШС коммерциялық директоры:
– Біз қоймада картоп, қызылша мен сәбіз сақтаймыз. Заманауи желдеткіш жүйесі көкөністерді ұзақ сақтауға мүмкіндік береді. Нысандағы орташа температура -3,-4 градусты құрайды. Қазіргі күні қойманың іші бос. Оны күзге қарай толтыра бастаймыз.

Кәсіпкер нысанды толығымен өз қаржысына салып жатыр. Шаруаның жалпы құны қанша екенін нақты айтпады, бірақ әлемде болып жатқан оқиғаларға байланысты жаңа қоймаға қажетті құрылыс материалдары бұрынғыға қарағанда 2 есеге қымбаттапты. Айта кеткен жөн, қазіргі күні Қызылжар ауданында 20 көкөніс қоймасы бар екен. Олардың 7-уі заманауи.

АМАНЖОЛ СӘКЕНОВ, Қызылжар аудандық ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және ветеринария бөлімінің басшысы:
– Қызылжар ауданында көкөніс өсірумен айналысатын 40-тан аса шаруа қожалығы бар. Биыл олар 1,5 мың гектар жерге тұқым сіңірді. Өнімділік артып келеді. Осыған орай ауданда көкөніс қоймалары салынып жатыр. Былтыр сыйымдылығы 7,5 мың тоннаға арналған 2 заманауи нысан тұрғызылды. Жалпы, Қызылжар ауданында жылына 28 мың тонна көкөніс өсіреміз.

Жергілікті билік кәсіпкерлерге қолдау көрсетуден бас тартпайды. Егер қондырғы сатып алуда көмек керек болса міндетті түрде субсидия береміз дейді.


Бердимурат Баймухан