МТРА жаңалықтары

Азық-түлік бағасын тұрақтандыру

 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын әділ белгілеуді қалыптастыру қажет.

Шілденің 13-і күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында азық-түлік бағасының шарықтап кетуіне жол берген екі бірдей министрге сөгіс жариялады. Қасым-Жомарт Тоқаев сауда және ауыл шаруашылығы министрінің жұмысын қант тапшылығының туындауына байланысты сынға алды. Еліміз 90 пайыз қант импортына тәуелді және бұған үкімет жол беріп отыр деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті
– Бұрын ашылған жеті қант зауытының қазіргі кезде тек төртеуі ғана жартылай жұмыс істеп тұр. Ауыл шаруашылығы министрі қызылша қантының үлесін 2026 жылға қарай 6 есеге, 7 пайыздан 43 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Алайда, кейінгі төрт жылда қант қызылшасының алқаптары үш есе азайған. Біз 90 пайыз қант импортына тәуелдіміз. Мұнда Еуразия экономика одағы аясында қабылданған шешімге сілтесек болады, алайда, қалай болғанда да бұған үкімет жол беріп отыр.

Президент Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралары тиімсіз болып шыққандығын ашық айтты. Сондықтан, мемлекет басшысы азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша және қант тапшылығын жою үшін үкіметке бірнеше бағытта жұмыс істеу қажеттігін айтты.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі:
– Мемлекет басшысының ескертулерін ескере отырып, біз ұлттық тауар өткізу жүйесін құрудың қолданыстағы моделін қайта қарау бойынша жұмысты бастадық. Біз мүдделі инвесторларды тарта отырып көтерме сауда орталықтарын құрудың бірнеше балама сценарийін қарастырдық.

Бақыт Сұлтановтың сөзінше басты бағыттардың бірі – импортқа тәуелді құмшекер тапшылығын жою. Ол үшін еліміздегі қант зауыттарын шикізатпен толыққанды қамтамасыз ету қажет. Яғни, бірінші кезекте қант қызылшасының егіс алқаптарын ұлғайту керек. Бүгінде Қазақстан зауыттары небәрі 226 мың тонна қант шығарады екен. Бұл ішкі сұраныстың тек 7 пайызын ғана жабады. Қалған көлемі Ресейден, шикізаттай негізінен Бразилиядан импортталады.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
– Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап отандық қант зауыттарынан 120 мың тонна құрақ қантының шикізаты алынды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19 пайызға артық. Шілде айының басында республикада қант қоры 28 мың тоннаны құраса, айдың соңына дейін 37 мың тонна қант өндіріледі деп жоспарлануда. Квота шеңберінде импорт көлемі 33,3 мың тоннаны құрайды. Осылайша 69,8 мың тонна қажеттілік кезінде ішкі нарықтағы қанттың жалпы қоры 98 мың тоннаны құрамақ.

Брифинг барысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев пияз қорына тоқталып өтті. Оның сөзінше, ішкі нарықта пияздың қоры жеткілікті. Ай сайынғы қажеттілік 26 мың тонна болса, қоймаларда оның 35 мың тоннасы сақтаулы тұр.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
– Жылдам жетілетін пиязды жинау жұмыстары маусым айынан бастау алды. Өнім көлемі 90 мың тоннадан асуы тиіс. Бүгінде 35,2 мың тоннасы терілді. Шілде айының соңына дейін және тамыздың бірінші жартысында 50 мың тоннадан астам пияз жинау жоспарланған. Күздік өнім қыркүйекте жиналады. Оның көлемі 1 млн тоннадан асады деп шамаланып отыр. Бұның бәрі ішкі нарықтың қажеттілігін толық көлемде қамтамасыз етеді.

Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов үкімет алдағы уақытта дағдарысқа қарсы шаралар бағдарламасын қабылдайтынын айтты. Бұл инфляцияны тежеуге ықпал етпек.


Дана Ешкенова